18 сәуір мен 10 мамыр аралығында Кеннет Макмилланның хореографиясындағы «Манон», Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?», «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» (композитордың 250 жылдығына арналған), Ролан Петидің хореографиясындағы «Коппелия» балеттері және «Астана Операның» тағы да басқа жауһарларыналғаш рет TengriTVдан онлайн тамашалауға болады.
Еске салар болсақ, қойылым тобы авторлық құқықтарын шектеуіне байланысты «Астана Опера» театры труппасының орындауындағы осынау спектакльдердің бұған дейін трансляциясы жүргізілмеген еді. Алайда, карантин уақытында онлайн-көрсетілімге рұқсат алынып, енді көрермен аудиториясы әлемдік классика жауһарларын толыққанды тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан бөлек, көрермен қауым В.Моцарт, О.Респиги, Ж.Бизе, П.Чайковский, Дж.Верди және басқа айтулы тұлғалардың шығармаларын «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаевтың «Италиядан келген хаттар» авторлық жобасынан тыңдай алады. Әйгілі дирижердің тағы бір ауқымды жобасы – Г.Малердің № 8 Симфониясы дүние жүзінде зор резонанс тудырды. Еске салар болсақ, оған 1 000-нан астам музыкант қатысқан еді.
«А.Вивальди мен А.Пьяццолланың: Жылдың сегіз мезгілі», сондай-ақ К.Орфтың «Кармина Бурана» сынды танымал әрі көпшіліктің сүйікті шығармалары атақты дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Операның» хор жәнесимфониялық оркестр әртістерінің орындауында шырқалады.
«Астана Опера» театры 10 мамырға дейін көрермен назарына жалпы саны 14 спектакль ұсынады.