• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Сәуір, 2020

Құстарға да қамқорлық қажет

3942 рет
көрсетілді

Жақында ғаламтордан құс тілінде сөйлесетін ауыл жайында оқыған едім. Кушкөй (қазақша мағынасы – құс ауылы) деп аталатын бұл ауыл Түркияның таулы аймағында орналасқан екен. Байланыс нашар һәм тұрғындар төбе-төбені мекен еткендіктен болар, олардың құс тілінде яғни ысқырық арқылы сөйлесіп келе жатқанына 400 жылға жуықтапты.

«Бұл – біздің ана тіліміз. Осы тіл арқылы кез келген жерде, кез кел­ген қашықтыққа қарамастан сөйлесіп, бір-бірімізді қиналмай түсінеміз», дейді сай-саланың арасындағы ауыл тұрғындары. Бүгінде 10 мыңдай адам мең­гер­ген бұл тіл ЮНЕСКО-ның мұра­лар тізіміне енгізіліп, мектеп­тер мен университеттерде сабақ ре­тін­де оқытылып, жыл сайын дәс­түр­лі түрде фестиваль өткізі­леді екен.

Құс тілі туралы неге айтып отырмыз? Бәлкім, біздің баба­ларымыз да бағзыда құс тілінде сөйлескен шығар. Бала ке­зімізде ата-әжелеріміз: «Балалар, ысқыруға болмайды, жел шақыра­сыңдар» деп тыйым салса да, ауыл­дағы қарасирақтар бір-бірімізді ысқырық арқылы танып, ыс­қырық арқылы табушы едік. Қазіргі балалар ысқырық­тың не екенін біле ме екен, өзі?!

 «...Ағаштың бәрі олар үшін тал, гүлдің бәрі бір гүл»

Осы бір тұста әңгіме ауанын құс тілі­­нен құстың түріне, жалпы құс тақы­ры­бына бұрғымыз келіп отыр. Бір байқа­ғаным, қазіргі қазақтың көбі құс танудан қалған секілді. Қарқылдаған қарғаны, шықылықтаған сауысқанды, көрінген жерде көзге түсетін көгершінді, ара-тұра бұлт астынан күн шыққандай жанды жа­дыратып, бір мезет жарқ ете қалатын қарлығашты, тағы да бірер құстарды таныса танитын шығар. Қалған құстарды түстеп танитын адамдар сиреп барады. «Өкінішке қарай, жастарды айтпағанда, егде ақындарымыздың өздері туған ай­мақтың өсімдіктер әлемі туралы сұрай бас­тасаңыз таяз білімін танытып, далаға сөйлейді. Құстан танитыны – қарға мен сауысқан әрі кетсе бүркіт, бері кетсе, шымшықты біледі, ағаштың бәрі олар үшін тал, гүлдің бәрі – бір гүл. Кешегі аспанға қарап алдағы айда не болатынын болжайтын сұңғыла қазақтың бүгінгі ұрпағы көктемде әуелі қай гүл бүр ашатынын, күзде ең соңғы болып қай ағаштың жапырағы түсетінін, қай шөптің не қа­сиеті барын білмейді. Не ауыл, не қала қа­зағы білмейді», деп қынжылғаны бар еді қазақ даласындағы құстар жайында бірнеше топтама жазып, кітап шығарған белгілі ақын Есенғали Раушанов.

Ойды ой қозғайды. Қазіргі қазақ құс­тың түрін танымақ түгілі, қай құстың қай уақытта жылы жаққа ұшып, қай ме­з­гілде қайтатынын ұмытқаны да рас. Жу­ырда осы мақаланы әзірлеу барысын­да қазіргі қазақ айтысындағы жүйрік ақын­дардың бірі Мейірбек Сұлтанханның әлеуметтік желідегі құстар жайындағы жазбасына көзіміз түсті. Айтыскер қа­зақ­тың көр­некті жазушыларының бірі Өтебай Қа­нахиннің «Атақоныс» кіта­бынан мынадай үзінді келтірген екен. «Ал­дындағы аспандап жанған отқа қақта­ла отырып, Нұрекең:

– Ақырап жұлдызы да туды. Енді қаз бен үйректер біртіндеп қайта бастайды. Құс­тардың ішіндегі ең бір жершілі – қа­раша қаз; олар жердің бетін қар әбден жапқанда барып жылы жаққа бет түзейді. Ертедегі бабаларымыз айдың атын осы құсқа байланысты қойған болса керек. Өйт­кені қараша қаз барлық құстардың ең соңынан күздің соңғы айының аяғын ала барып қана жылы жаққа жаппай көтеріледі. Атам заманнан солай...

– Жылы жаққа ең алдымен қандай құстар қайтады?

– «Шабан үйрек алдымен ұшады» деген бар ғой. Сол рас. Үйрек атаулы енді лек-легімен кете бастайды».

Иә, бұл – байырғы қазақтың құс таны­ғыш­тығын, құсты ерекше құрмет тұт­қанын аңғартса керек. Байқасақ, біз­де құсқа арналған әндер де, күйлер де, өлең­дер де, нақыл сөздер де өте көп. Әрі­­дегі, халық әндері «Бұлбұлым», «Ақ сұң­­қар», Ақан серінің «Қараторғайы», Үкі­лі Ыбырайдың «Қараторғайы», Жаяу Мұсаның «Көгаршыны», Бір­жан сал­дың «Көкегі», Махамбет Өтеміс­ұлы­ның «Қызғыш құсы», Кенен Әзір­баевтың «Бозторғайы», берідегі Ахмет Жұ­бановтың «Қарлығашы», Нұ­рғиса Тілендиев пен Тұманбай Мол­даға­лиевтің «Құстар қайтып барадысы», Мыр­затай Жолдасбековтың «То­ты­м-а­уы», Тұрсынжан Шапайдың «Да­риға-дәурені»... Бұған «қасқалдақтың қанын­дай», «құрқылтайдың ұясындай» деген теңеулерді, «шымшық сойса да қасапшы сойсын», «сасқан үйрек артымен жүзеді» деген мақал-мәтелдерді қосыңыз. Осы­лайша құспен сырласқан, құспен мұң­дасқан, әр сөзін құспен тұздықтаған қазақ бүгінде құстың қадіріне жетіп жүр ме?

 Жергілікті Қызыл кітап шығару керек

Құс туралы айта берсек, қиялымызды тізгіндей алмай, ұшқан құстай ағындап алысқа кетерміз. Осы жерден көңіл тол­қыныстарын тежеп, негізгі тақырыпқа көшелік. Жоғарыда «Шығыс Қазақстанда 150 құс түріне қамқорлық қажет» дедік. Бұлар қандай құстар? Ең әуелі облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ұсынған мәліметтерге көз жүгіртелік. Инспекция деректеріне сүйенсек, бүгінде облыс аумағында құстардың 335 түрі мекендесе, оның 38-і Қызыл кітапқа енген екен. Облыстық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу басқармасы бер­ген ақпараттарға сүйенсек, соңғы бес жыл көлемінде аймақтағы құстар саны біршама өсіпті. Мәселен, қарағай және орман құстары 160 882-ден 191 368-ге (15,9 %), суда жүретін жабайы құстар 985 403-тен 1 323 399-ға,  яғни  бір миллионға (25,5 %) ұлғайыпты. Инспекция берген тағы бір құнды мәліметке ден қойсақ, 2019 жылғы санақ бойынша облыста 94 191 құр, 4283 саңырау құр, 72 435 шіл, 1630 қырғауыл, 4126 кекілік, 42 649 кеп­тер, 20 459 сұр құр, 400 ұлар, 79 218 қаз, 1 023 766 үйрек, 220 415 қасқалдақ, 43 953 бө­дене тіркелген.

Иә, бұл деректерге көз салсаңыз, кәдімгідей көңіліңіз марқаяды. Құдды, айналамыздың бәрі құсқа толып, аққу ұшып, қаз қонып жүргендей.

Ал облыс­та талай жылдан бері орнитологиямен шұғылданып жүрген, саналы ғұмырын осы салаға арнаған, 300-ден астам экс­педицияға қатысып, 20 мыңнан астам ша­қырым жол жүрген, Сауыр, Маңырақ жоталарын, Зайсан қазаншұңқырын, Батыс Алтай, Оңтүстік Алтай, Ертіс бойы мен Қалба сілемдерін зерттеген Борис Щербаковтың сөзін тыңдасаңыз, керісінше көңіліңіз түседі. Осы мақаланы әзірлеу барысында орнитологтың сан жыл­ғы төккен тер, атқарған еңбегінің нәти­жесі деуге тұрарлық 1140 беттік, сал­мағы 10 килодан асатын «Восточный Казахстан – сердце Евразии» атты әдемі суреттермен әдіптелген кітабын шолып шықтық. Осы еңбегінде қарт орнитолог Шығыс Қазақстанда өсімдіктердің 3 мыңнан астам түрі өсетінін, 600-ге жуық омыртқалы жануарлар тіркелгенін, Қазақ Алтайында сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан құстардың 150 түрі бар екенін келтіріп, оның бүгінде қорғауға зәру болып тұрғанын тілге тиек етеді.

Б.Щербаковтың айтуынша, Алтай ұлары, ақ шіл, тундра шілі, кекілік, дуадақ, кішкене жек, қарабауыр бұлдырық, қыл­құйрық бұлдырық, қара ләйлек, ақбас тырна, көкқұтан, бұйра бірқазан, сұң­қылдақ аққу, дөңтұмсық тұрпан, безгелдек, жалбағай, қарабас өгіз шағала, тауқұдірет, шәукілдек, қасқалдақ, үлкен сұқсыр үйрек, шалшықшы, қутұмсық қаз, бүркіт, сұңқар, балықшы тұйғын, қарақұс, лашын, ителгі, аққұйрық су бүркіті, үкі, дала бүркіті, дала күйкентайы, саз құ­ладыны, түз құладыны, шалғын құла­дыны, дала құладыны, қараторғай, қар­лығаш, тағы да басқа құстарды тез арада мемлекет қамқорлығына алу қажет.

«Мұның ішінде Қызыл кітапқа енгені де, енбегені де бар. Мен солардың үштен бірінің ғана атын атадым. Тиісті орындар қажет етсе, 150 құс түрінің тізімін ұсынуға әзірмін. Қазіргі уақытта бірінші кезекте, мемлекет тарапынан қорғауды қажет етіп отырғаны – аңшылық-кә­сіп­тік құс түрлері. Өкінішке қарай, Тә­уел­­сіздіктің 30 жылында Шығыс Қа­зақстанда бірде-бір жүйелі аң-құс санағы жүргізілмеді. Қазір облыстың фаунасы мен флорасы шын мәнінде қандай күйде екенін білмейміз. Аң-құстардың қай түрі азайды, қайсысы құруға жақын, қай түріне аңшылыққа шектеу қою керек, қай түрі көмекке мұқтаж? Осының бәрі мұқият зерттеуді қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің флора мен фаунасын түгендеу керек. Бұл үшін мемлекет тара­пынан тиісті қаражат бөлініп, орнитологтар экспедицияға шығып, санақ жұмыстарын қолға алуы қажет. Екі жыл уақыт берсе, жүріп-тұратын көлігімізді қамдаса өңір орнитологтары бұл жұмысқа кірісуге дайын. Сол кезде жергілікті Қы­зыл кітапты жасауға да болады. Бұл ұсы­нысты айтқалы қай заман?!» деп қын­жылысын білдірген орнитолог облыс аумағында аң-құстарды атуға рұқсат беретін аңшылық қауымдастықтарды бақылауға алу керегін жеткізді.

 Аңшылық шаруашылықтар кімнің қолында?

Орнитологтың ойынша, қазір өңірдегі аңшылық шаруашылықтардың көпшілігі табиғатқа жаны ашымайтын бұрынғы полиция қызметкерлері мен бұрынғы әскерилердің қолында. «Қазір коронавирус деп елді үйінен шығармай жатыр ғой. Аң-құстарымызды аяусыз қырып жатқан аң­шыларға да солай істеу керек. Аң­­­шылық ша­руашы­лықтар қа­зір еш­теңе­мен де айналысып отыр­ған жоқ. Бар жұ­­мысы – аң-құс­ты атуға лицензия береді. Аумақ­ты абат­тандырумен, аң-құс санын кө­­бей­тумен айналыспайды. Арасында өз мін­де­тіне жа­уап­кер­ші­лікпен қа­рай­тын­дары саусақпен санарлық. Өкініштісі, қазір аң-құстарды аштықтан немесе қажеттіліктен емес, ашкөздіктен, қа­нағатсыздықтан қы­рып жатырмыз. Бү­гінде аңшыларда ынсап жоқ. Аспанда бір құс ұшып жүр­се, «тигізем бе, тигізе алмаймын ба? Көрейінші», деп ата салады дейді күйін­ген табиғат жанашыры.

Аңшыларда ынсап жоқ дегеннен шығады, қазіргі аңшылар тіпті қай құс­­ты қалай ату керегін де білмейтін секілді. Осы тұста Өтебай Қанахиннің жо­­ғарыда айтқан «Атақоныс» кітабына тағы бір мәрте көз жүгіртелік. «Мен анық байқадым, Нұрекең екеуінде де қаздар тобының ең соңында кетіп бара жатқандарын атып түсірді, алдың­ғы­ла­рына тимеді. Мұның мәнісін сұра­ғанымда, қария былай деді: «Бастаушы ата қазды атпау керек. Ол мертіксе, өз­гелері бытырап кетіп, бір-бірінен адасып қалады да, барар жеріне жетпейді. Келер жылы қайтарда да сол бастап келеді. Ал ұшып бара жатқан үйректердің кілең алдыңғысын атып түсіреді. Оның мәнісі былай екен: үйректер тобын әманда еркегі бастайтын көрінеді. Аналығы келер жылғы бас өсіміне керек. Аталығы мерт болса, оның соңындағы аналық-ақ көшті қиналмай алып кете береді. Ендігі көктемге шейін жас аталықтар да жетіліп, жасамыстардың орнын басады. Ғажап заңдылық!», деп жазады қаламгер. Иә, қазіргі аңшылар осыны біле ме?!

Енді аңшылық шаруашылықтарға қысқаша тоқталсақ. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметтеріне сүйенсек, облыстың аумағы 28 млн 300 мың гектарды құрайтын болса, соның 15 млн 865 мың гектары аң аулайтын алқаптар екен. Яғни жарымына жу­ығы. Ал облыс аумағында 56 аңшылық ша­руа­­шылығы бар көрінеді, оның 31-і 15 аң­­­шылықты пайдаланушыға (осынша адам­­ның иелігінде деп түсінсеңіздер болады) бекітіліп берілген. «Осы аңшылық ша­руашылықтар аумағындағы жер көлемі 12 млн 955 гектарды алып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін ат­қарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығымен бекітілген «Аң аулау қағидалары» бойынша бұл аумақтарға бөлінген лимиттерге сәйкес аң аулауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар 25 аңшылық шаруашылығы резервтік қорда орналасқан, оның алаңы 2 млн 910 мың гектарды құрайды» дейді инспекцияның Жануарлар дүниесі және аңшылық-шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Дидахметов. Осы жерде инспекцияның тағы бір дерегін келтірсек, Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 17 маусымдағы №240 бұйрығына сәйкес 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 1 шілдесі аралығында Шығыс Қазақстанда 9347 құр, 67 саңырау құр, 9783 шіл, 42 қырғауыл, 116 кекілік, 7 889 кеп­тер, 626 сұр құр, 53 ұлар, 7300 қаз, 71 910 үйрек, 19 627 қасқалдақ, 6 580 бөденені атуға рұқсат берілген екен. Ал облыс­тық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің сайтында осы уақыт аралығында 3174 қаз, 56 282 үйрек, 11 940 қасқалдақ, 1 278 шалшықшы, 7 269 құр, 5 586 шіл, 137 кекілік, 3 585 кептер, 47 саңырау құр, 603 бұлдырық, 31 жыл­қышы, 30 ұлар мен 2591 бөденені атуға болатыны көрсетіліпті.

 Түйін

Осы материалды әзірлеу барысында Лондон қаласында тұратын әріптесіміз Әсия Бағдәулетқызының әлеуметтік же­лідегі парақшасынан Англия аста­насындағы су жағалауында адамдардан үрікпестен емін-еркін жүрген әр­түрлі құстарды көргеннен кейін, бұл көрініске бір жағы қызыға, бір жағы қызғана қа­рап, WhatsApp арқылы бір-екі сұрақ қой­дық. «Біріншіден, Лон­дондағы құстар пат­шайымның қор­ғауында. Әсіресе аққу­ларға ешкімнің тиісуіне болмайды. Ұлыбританиядағы аққулардың барлығы Ели­завета ІІ пат­шайымының жеке мүлкі саналады. Әр­қайсысының аяғында са­қинасы бар. Оны ұстау, қиянат көрсету үлкен қылмыс саналады, соттап жіберуі де мүмкін. Бұл елде орта ғасырда жа­саған Едвард ІІІ патша заманынан бас­тап кейбір құстарды, оның ішінде сұң­қар­ды аулауға тыйым салынған. Демек, Анг­­лияда құстар баяғы заманнан заң­дық тұрғыдан қорғалған. Екіншіден, бұл жақтың табиғаты да құстарға қолайлы. Көпшілігі жыл он екі ай жүре береді. Мұнда құсқа ешкім тиіспейді. Әрбір парктің құстарға тамақ беретін, қарайтын адамдары бар. Кей­бір парк­терде келген қонақтардың тамақ беруіне тыйым салған. Тек өз қыз­­меткерлері береді. Өзім жиі ба­рып жүретін қаладағы ең үлкен саябақтардың бі­рі Сент Джеймсте (Әу­лие Джеймс) бір­қазан, аққу, қара қу, су­тартар, қас­қалдақ, шүрегей, су­сыл­­дақ, сұқсыр, үлкен тоқылдақ, жа­па­лақ, қара сайрақ, сүңгуір, қаз, үйрек пен шым­шықтың көптеген түрін кез­дестіруге болады. Шағын көлі бар. Құстар көлдің айналасында емін-еркін жүреді. Адамдар демалатын жасанды жасыл желектерге дейін шығып кетеді. Кептерлер мен шағалалардың адамдар­дан қо­рық­пай­тыны сонша, өзен жа­ғасында жүр­сең, кейде қанатымен бетіңді сырып ұшады. Қолыңды созып ұстайын демегенше қашпайды. Біздегі секілді құстарды таспен атып жатқан балаларды да көрмейсің. Тас ату олардың санасында жоқ. Өйткені кішкене кезінен табиғатты қорғауға, құстарды аялауға тәрбиелейді. Үшін­шіден, Англияда аза­­маттық қоғам жақсы дамығандықтан жеке азамат­тардың белсенділігі жоғары. Миллионнан астам тұрақты мүшесі бар құстар қауымдастығы жұмыс істейді. Олар ай сайын жарна төлеп, құстарды қорғау үшін өз қалталарынан ақша бөліп тұрады. Жылына бірнеше рет әр жерде әртүрлі шаралар өткізеді. Жыл сайы­н тамыз айында құстар көрмесі өтеді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Ан­г­лияда Құстар қауымдастығы ХІХ ға­сырдан бері жұмыс істеп келеді екен. Мемлекет көмегінсіз құрылған бұл қауымдастық құстар са­нағын жүр­гізеді. Қандай өзгерістер бол­ғанын жіті қа­дағалап отырады, жо­йы­лып бара жатқан түрлер болса кө­беюге жағдай жасайды, қамқорлыққа алады», деді Әсия Бағдәулетқызы.

Бәлкім, елімізде де Қызыл кітапқа енген құстарды (олар көп емес қой) Елба­сының немесе Президенттің жеке мүлкі деп жариялап, барлығын сырғалап тастаса ғой, шіркін! Сонда құстар саны бүгінгідей азаймас па еді?!

Ойланайық, әлі де кеш емес шығар...

 

Шығыс Қазақстан облысы

 (Басты суретттің авторы: Валентин Зенков)