Әлемді әлекке салған індет, бізді де айналып өтпегені белгілі. Тұтас елдің экономикасын тұралатқан тажал, қаншама азаматты табысынан қағып, қаншасын дертке шалдықтырды. Бұл ретте ел экономикасының күретамырына баланатын Алматы қаласы да оңай соққы алған жоқ. Қазіргі уақытта қалада 300 мыңға жуық азамат табысынан айырылды. Қалай болғанда да қиындықтар артта қалатыны анық. Миллиондар тоғысқан мегаполис қайта еңсе тіктеп, қалыпты өмірге қадам басуға қаншалықты дайын? Алда қандай жоспарлар бар? Бұл жөнінде республиканың жетекші БАҚ өкілдерімен және қоғам қайраткерлерімен онлайн режимде дидарласқан Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бірқатар маңызды тақырыптарды қаузады.
Жүздесу барысында әкім шаһардағы коронавирустық инфекциямен күрес шаралары туралы айтып, маңызды сұрақтарға жауап берді.
«Кім ауырады деп күтіп отырмай, індеттің алдын алуға өзіміз білек сыбана кірісеміз» деген әкім қалада барлық тәуекел топтарының ПЦР әдісімен жедел-тестілеу басталатынын мәлімдеді. Яғни 193 мың қызметкерден сынама тест алынады. Олардың қатарында әскери қызметшілер, полиция қызметкерлері, дәрігерлер, еріктілер, жүк және жолаушылар көлігінің жүргізушілері, теміржолшылар, ірі нысандардағы құрылысшылар, интернаттар, азық-түлік кәсіпорындары, ТКШ және т.б. қызметкерлер бар.
Жұқтырудың жасырын ошақтарын анықтаудың жаңа алгоритміне сүйене отырып, қалада эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтілді. Басты мақсат – эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, жұқтыру деңгейін төмендету.
Б. Сағынтаев бүгінде күшейтілген карантин жағдайында мегаполисте 210 мың жұмыс орнын қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен ұйымдар өз жұмысын жалғастырып жатқанын, бұл экономикада жұмыспен қамтылғандардың 17%-ын құрап отырғанын айтып өтті.
Бұл ретте қатаң карантин кезеңінде жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 727,8 мың адамға қысқарған. Қаржы секторында, білім беру, мемлекеттік басқару, сондай-ақ, Ақпарат және байланыс салаларында еңбек ететін 200 мың адамқашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Қазіргі уақытта қалада 300 мыңға жуық азамат табысынан айырылып отыр.
«Мегаполистің әлеуметтік-экономикалық өмірін кезең-кезеңмен қалпына келтіру жоспарына сәйкес экономикалық белсенділікті қалпына келтіру үшін үлкен әлеуеті бар және сонымен қатар коронавирустық инфекцияны тарату үшін ең аз тәуекелдері бар секторлар анықталды. Бұл – қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 20 сәуірден бастап іске қосылуы мүмкін өнеркәсіп пен құрылыс салалары», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ әкім өнеркәсіп саласындағы шектеулерді алып тастау нәтижесінде 42,2 мың адам өз жұмыс орындарына оралатынын жеткізді.
Құрылыс маусымының басталуына орай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 34,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Мұның ауқымды бөлігі құрылыс саласына тиесілі. Сонымен қатар, ауқымды құрылыс жұмыстарының басталуымен жобалаушылар мен іздестірушілерге, инжинирингтік компаниялар (авторлық және техникалық қадағалау), жобаларды сараптау сияқты мамандар мен қызметтер санатына сұраныс арта түспек.
Бұдан өзге құрылыс саласының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында көтерме құрылыс нарығын ашу қажеттігін айтқан Сағынтаев, аталған сала бойынша жұмыспен қамтылғандардың саны 45,3 мың адамға ұлғаятынын атап өтті.
Бұдан өзге «БЖК-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыруға қатысатын кәсіпкерлердің кепіл мүлкін мемлекеттік тіркеу үшін нотариустар мен ХҚКО қызметін қайта бастау жоспарлануда.
Алдын ала деректер бойынша, 20 сәуірден бастап жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір ай ішінде 89,4 мың адамға көбейеді.
Шектеулерді кезең-кезеңмен алып тастау қоғамдық көліктерді, соның ішінде аялдамалар мен метро аялдамаларын, кәсіпорындардың өздерінің жұмыс орындары мен халық көп жиналатын орындарды жаппай залалсыздандырумен қатар жүреді.
Екі сағатқа созылған онлайн-кездесуде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұртшылық пен БАҚ өкілдерінен келіп түскен ең өзекті деген 25 сауалға жауап берді.