Ұзақ жылдар бойы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті болған Тамаш Аян өз қызметінен кетті.
Үстіміздегі жылдың басында Германияда Аян жайында фильм шықты. Немістердің ARD арнасынан көрсетілген сол фильмде айтулы азаматтың жемқорлыққа тікелей қатысы бар екені айтылды. Сондай-ақ спорттың бұл түрінде допингке қарсы күрес өз деңгейінде жүргізілмей, Аян мырза көптеген деректерді жасырып қалғаны жайында да баяндалды.
Фильм жарық көргеннен соң дау-дамай басталды. Тергеу амалдары аяқталғанша федерация президенті 90 күнге жұмыстан шеттетілді. Ал күні кеше Аянның қызметтен кеткені белгілі болды.
81 жастағы Томаш Аян 1975-2000 жылдар аралығында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы болды. Содан кейін 20 жылға жуық уақыт осы ұйымды басқарды. Аян мырза Қазақстанға да бірнеше рет келіп, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткен әлем және құрлық чемпионаттарының тұсауын кесті.