• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2020

Ақмола облысында карантин талаптарын бақылау күшейтілді

218 рет
көрсетілді

141 нысан мен 35 азық-түлік сату бөлімдерін қамтыған рейд барысында халықтың әлі де болса тәртіпті сақтай бермейтіндігі анықталып отыр.

Рейд барысындағы тексеріс жұмыстары кезінде 44 нысанның карантин талаптарын бұзып, жұмыс істеп отырғандығы анықталды. Олардың 42-сіне әкімшілік хаттама толтырылып, 9-ына әр түрлі шаралар қолдану тұрғысында  сот шешімі шығарылды. 33 хаттама әлі қарастырылады.

Атбасар қаласында «Арман», «Абай», «Бек» сауда нүктелерінде бірқатар тәртіп бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, дүкен сатушылары қолғапсыз жұмыс істеген. Әрі сауда орындарында антисептик жоқ. Нан өнімдері орамасыз сатылып жатыр.

Біржан сал ауданындағы Степняк қаласында жасалған рейд барысында «Смак» дүкенінің дезинфекция талаптарын бұзып жұмыс істеп жатқандығы анықталып, иесіне он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Мұндай олқылыққа Бұланды ауданында да жол берілген. Макинск қаласындағы «Атлант», «Империя» дүкендеріндегі кемшіліктің беті ашылды. Сондай-ақ, Щучинск қаласында да жеке кәсіпкерлердің «Встреча» және «Аман» дүкендері тазалық тәртібін сақтамай жұмыс істеп келген. Көкшетау қаласында 20 нысан қамтылды. Бәріне ортақ бір кемшілік,  қолғап кимей жұмыс істеу және антисептиктерді тұтынушыларға ұсынбауы болып отыр.

Санитарлық тазалық сақтамағандарға тиісті шара қолданылатын болады.