Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов тікелей эфир арқылы брифинг өткізіп, халыққа облыстағы бүгінгі ахуал туралы баяндап берді. Алдымен ол аты жаман індетке қатысты соңғы деректерді айта келіп: «Бұл біздің жіті жұмыс істеп жатқанымыздың нәтижесі. Мен індетпен күресіп жатқан медициналық қызметкерлердің бәріне тағы да алғысымды білдіремін», деді.
Әкімнің айтқан соңғы жаңалықтардың бірі – қатарында кәсіпорындар мен мекемелер өзінің өндіріске аса қажетті мамандарын автобустармен жеткізетіні айтылды. Ал автобуста адамдар бір-бірінен алыс отыру үшін жартылай ғана толықтырылады. Салонның үнемі дезинфекциялануы талап етіледі. Кәсіпорындар мен мекемелердің кіреберісінде міндетті түрде алыстан анықтайтын термометрлер болуы керек. Ыстығы сәл көтерілген адам болса, жұмысқа жіберілмейді. Сонымен қатар осындай термометрлермен барлық супермаркеттер жарақтандырылуы керек. Ыстығы бар адам дүкенге кіргізілмейді, тек тамақты алып келуге тапсырыс бере алады.
Құмар Ақсақалов айтқан ерекше жаңалықтың бірі – жергілікті «Радуга» ЖШС дезинфекцияны автоматты түрде жүргізетін құрал жасай бастапты. Мұндай конструкциялар үлкен гипермаркеттер мен супермаркеттердің кіреберістеріне орнатылмақ.
Сондай-ақ әкім «саяжайға шығамыз», «итімізді далаға қыдыртамыз» деген тілектеріңізді әзірге қоя тұруларыңызға тура келеді», деп тұрғындарға ескертті. «Қазір полицияға кеңейтілген өкілеттілік берілген. Сондықтан олар ештеңеге қарамай, тұтқындау немесе айыппұл салу шараларын жиі қолдануда. Ескертудің уақыты өткен», деді әкім.
Солтүстік Қазақстан облысы