• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2020

Қызылорда: Саяжай тұрғындары үшін көшпелі сауда ұйымдастырылуда

618 рет
көрсетілді

Карантинге байланысты Қызылорда қаласы аумағында қойылған тосқауыл бекеттерінде шектеу шаралары тағы да күшейе түсті. Бұл әсіресе күнделікті қажетін қаладан тауып отырған шаһарға жақын саяжайлар мен елді-мекен тұрғындары үшін қиын тиіп отыр.

Осыған байланысты қаланың шет аймақтарындағы тұрғындар азық-түліктен тарықпауы үшін қала әкімінің тапсырмасымен қолға алынған бастаманы «Мирас» және «Анвар» сауда орталықтары қолдап, көшпелі сауда ұйымдастырды.

«Эделвейс», «Сабалақ», «ПМК-29», «Электромонтажник», Наурыз, Ақсуат саяжайлары мен елді мекендерінде тұратындарға нарық бағасынан 5-10% төмен бағада азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар жеткізілді. Жалпы көшпелі саудада картоп, пияз, сәбіз, күріш, рожки, сүт, шәй, өсімдік майы мен сабын, ұнтақ, сіріңке, химиялық тазартқыштар сатылымға шығарылды. Алғашқы саудада 5 тоннаға жуық азық-түлік пен тұрмыстық заттар сатылыпты.

Бұған қоса, «Еврофарм» ЖШС ұйымдастырған жылжымалы дәріхана қызметі қаланың шет аймақтарына шығып, өз тауарларын халыққа ұсынуда.

– Тұрғындар сыртқа бармай-ақ үйінің алдына келіп тұрған жылжымалы көліктен қолжетімді бағада қажетті затын алды. Бұл жұмыстар төтенше жағдай кезеңінде жалғаса береді, – деді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов.