Адам бар жерде айла бар. Жолаушыларды карантин аумағынан заңсыз тасымалдау әрекеті әлі де тыйылмай тұр. Алматылық Полиция департаментінің мамандары жолаушыларды қаладан Қазақстанның оңтүстік облыстарына жеткізбек болған жеке жүргізушілердің жолын кесті.
«Күшейтілген төтенше жағдай режиміне қарамастан, жолаушыларды қаладан Алматы және Жамбыл облыстарына заңсыз тасымалдау фактілері жалғасуда. Жақында полицияның жедел-іздестіру шаралары кезінде оннан астам такси жүргізушісі ұсталды. Олар қызметтері үшін бір адамнан 10 мыңнан 20 мыңға дейін ақша алған»,- деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Қисынсыз іске барғандардың барлығы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін заң алдында жауапқа тартылды. Оларды сот кінәлі деп тапқан. Белгіленген шектеулерге қарамастан, карантин аймағынан шыққысы келген жолаушыларға қатысты да тап осындай жауапкершілік қарастырылған. Олардың іс-әрекеттері ҚР ӘҚбК-нің 476-бабына сәйкес қаралады.