Аймақтағы коронавирус инфекциясымен күресуге жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан үстеме төленуде.
Өңірде дәрігерлерге үстеме тағайындау бойынша арнайы комиссия да құрылған. Олар коронавирус індетін жұқтыру қаупі жоғары мамандардың қосымша тізімін үстемақыға ұсына алады. Медицина қызметкерлеріне үстемақы тек қана атқарылған жұмыс сағатына қарай есептеледі.
Наурыз айында өңірдегі 12 денсаулық сақтау ұйымында қызмет ететін 529 медициналық қызметкерге үстемақы төленді. Қазіргі уақытта жедел жәрдем қызметіндегі мамандарға үстемақы төлеу мәселесі қарастырылу үстінде. Медициналық мамандарға төленетін үстемақы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жұмыс кестесі мен хаттамаларға сәйкес тағайындалады.
–1 санаттағы тәуекел тобында 44 медицина маманыбар. Олар негізінен инфекциялық бөлімшеде істейтін қызметкерлер. Төленетін үстемақының шекті мөлшері 527 мың 971 теңгені құрайды. Бұл 80 сағат жұмыс көлеміне тиесілі. Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері инфекциялық бөлімше қызметіндегілерге ең төменгі төлем көрсеткіші 46 мың 698 теңге тиесілі. Ал, 2-ші санаттағы тәуекел тобында 237 медицина қызметкері бар. Оларға төленетін шекті төлем 344 мың 250 теңге. Ең төменгі көрсеткіш ретінде 8 мың 800 теңге үстемақы төленді. 3 жұмыс сағаты үшін. Үшінші тәуекел тобындағыларға 141 мың 667 теңге үстемақы төленеді. Ең төменгі үстемақы 1 сағаттық жұмыс көлеміне 1 мың 476 теңге,–дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Сүлен Ілиясов.
Ел денсаулығы үшін қауіп-қатерге басын тігіп, қажырлы еңбек етіп жатқан дәрігерлердің еңбегіне сай үстемақы алуы әбден құптарлық жай.