• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2020

Көкшетауда адамның асқазанынан бір келі темір шықты

212 рет
көрсетілді

Облыстық көпбейінді аурухананың хирург мамандары бірегей ота жасады. Ерекше пациенттің асқазаны мен ішегінде салмағы 1 келіге жуық 100-ден астам металл заты болған.  

Мамандар науқас ауруханаға ауыр халде жеткізілгендігін айтуда.  Аса  ауыр отаны үш хирург жасаған. Науқастың ішкі құрылысынан шыққан темірдің салмағы 870 грамм.

–Біздің ауруханаға Аршалы ауданынан ауыр халде науқас келіп түсті. Оның асқазанынан темір-терсек заттар табылды. Науқастың айтуынша, түрмеде 18 қараша күні  өз-өзіне қол жұмсамақ болып, шеге жұтқан. Бірінші жолы  90-ға жуық шеге жұтса, кейін желтоқсан айында тағы 30-ға жуық металл кесінділерін қылғытыпты. Өзінің айтуына қарағанда, бірінші рет темір жұтқаннан кейін артынша магнитті де аттандырған. Сол себепті де металл асқазанда бір жерге жиналып тұрған,–дейді облыстық көпбейінді ауруханасы хирургия бөлімшесінің  меңгерушісі Бауыржан Ахметов.

35 жастағы ер азамат ЕЦ 166/5535 түзету колониясында қамауда отырған. Оның бұл әрекеті бостандыққа шығудың амалы болса керек. Бір қызығы науқас металл кесінділерін жұтып 4 ай жүрген. Абырой болғанда ішкі құрылысы қатты зақымданбай, аман қалған.  

–Бізге келген кездегі жағдайы өте ауыр болды. Арықтап жүдеп қалған. Жүрегі айнып, жаны қысыла бастады. Асқазанының оң жағына қарай қатты шаншып ауырды,–дейді облыстық көпбейінді ауруханасы хирургия бөлімшесінің  меңгерушісі Бауыржан Ахметов.

Хирургтер мұндай отаны бірінші рет жасап отырған жоқ. Әйткенмен, 36 жыл еңбек өтілі бар дәрігер адамның ішкі құрылысынан осынша көлемде темір-терсек алмағанын айтты.   

–Бір-екі сағат тексерістен кейін ота жасауға кірістік. Ота барысында барлық темірдің асқазанда екені анықталды,–дейді облыстық көпбейінді ауруханасы хирургия бөлімшесінің  меңгерушісі Бауыржан Ахметов.

Қазір науқастың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол, ота жасалғаннан кейін бір апта дәрігерлердің бақылауында болған. Одан соң қайтадан түзету мекемесіне жеткізілді.   

                                                                             

Көкшетау қаласы.