• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2020

Мақпал әуен тыңдарманымен қауышады

300 рет
көрсетілді

Алматылық мәдениет ошақтары карантин кезінде онлайн концерттер өткізіп, жұртшылықты саф өнермен сусындатуға ауқымды үлес қосып жатыр. Осындай ұжымдардың бірі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы.

Көпшіліктің ықыласына бөленген айтулы жобаны кезекте рет Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның солисі, дәстүрлі әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Мақпал Қазыбекқызы жалғамақ. Көңіл құрышын қандыратын мақпал дауыстың иесі 22 сәуір күні сағат 20.00-де өнер ордасының ресми парақшаларынан тікелей желіге шығып, өнер сүйер қауыммен дидарласатын болады.

Онлайн концертте Сүйінбай Аронұлынан «Жақсы мен жаманның айырмасы», «Ақын болдым жиырмамда», «Біз Сонаршы», Жамбыл жауһарларынан «Сарыбайға», «Жиырма бес» секілді туындылар орындалады. Сондай-ақ Кененнің «Ойжайлауы», Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұлы», Халық әні  «Бұлбұл құсым», Иса Байзақовтың «Желдірмесі», «Әбдіғалидің термесі» секілді танымал туындыларды жанды дауыста тыңдаудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр.

Дала жауһарларының қайнарынан қанып ішіп, дәстүрлі өнерімізді дәріптеп жүрген әнші  өз ойымен бөлісті.

–Жетісу өңіріндегі жыршылық дәстүрді тілге тиек еткен кезімізде сөз зергері Сүйінбай Аронұлынан айналып өте алмасымыз анық. Есімі Түбек, Қабан жыраулармен қатар аталып, дәріптелетін Сүйінбай ақын заманында   ел мен елді,  ер мен ерді біріктіріп, бітістіруде елеулі еңбек еткен сөзі өткір, ойы ұшқыр ақын болған. Шығыстың құнды қазынасы «Мың бір  түн», «Шахнама» сияқты аңыз-ертегілерді өзінше жырлап, тыңдаушысын тәнті еткен ерекше тұлға. Сол секілді Жетісу мектебін сөз еткенді жыр алыбы Жамбылды да атамай кете алмаймыз. Кең даланы әсем әнімен тербеткен Кенен шығармалары да ұрпақ үшін мәңгі мұра. Концертте бұдан басқа да ең таңдаулы туындыларды көрерменге тарту етпекпін, – дейді дәстүрлі әнші Мақпал Қазыбекқызы.