• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Сәуір, 2020

Қазынаға қол сұққандар жазасыз қалмайды

215 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өткен аптада параға шатылған біраз істің бетін ашып, кейбір фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Бұған қоса қылмысы дәлелденгендердің үкімі де шықты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлердегі департаменттері бюджет қаражатына қол сұққандар мен қызметін бұлдап пара дәметкендердің жымысқы әрекеттерін анықтады.

Қостанай облысындағы департамент түрлі айла-шарғымен мем­лекеттік субсидиядан 37 млн теңгені жымқырды деген күдікпен бірқатар азаматты сотқа дейін тергей бастады. Күдікке ілінгендер – облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғалары, сондай-ақ Жітіқара және Жангелдин аудандары әкімдіктерінің ауыл шаруа­шылығы бөлімінің бас мамандары. Олар жайылым және мал өсіру шаруашылығын сумен қамтамасыз ету бойынша шаруа қожалықтарының іс жүзінде орындамаған жұмыстарын растау арқылы қомақты қаржыны қалтаға баспақ болған.

Агенттіктің Алматы облысы бо­йынша департаменті қызметін асыра пайдаланып пара алудың екі фактісін назарға алды. Оның бірі мал ұрлаған азаматты жауапкершілікке тартпау үшін 300 мың теңге алған Іле аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі болды.

Бұған қоса ЖШС қызметі туралы тексеру актісіне сәйкес оң шешім шығарғаны үшін 665 мың теңге алды деген күдікпен Төтенше жағдайлар департаментінің Қарасай ауданының Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімі бастығы мен аға инженері сотқа дейін тергеледі.

Ақтөбе облысында КА-168/1 меке­месі күзетінің инженерлік-техн­и­ка­лық құралдарының күрделі жөндеуі­не бөлінген 5 млн теңге сомасын­дағы бюджет қаражатын жымқырған  ІІМ ҚАЖК «Еңбек-Ақтөбе» РМК облыстық филиалының директорына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іздеуде болған күдікті ұсталып, Ақтөбе қаласында Ішкі істер департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Шығыс Қазақстанда стансаның кезекшісінен жалпы қамқорлығы үшін 200 мың теңге алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Семей филиалы «Жаңғыз-Төбе» стансасының бастығына қатысты қылмыстық істі тергеуді бастады.

Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент жеке кәсіпкер­лер­ден мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарт жасағаны және сол бойынша төлем жүргізгені үшін жалпы сомасы 623 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен астаналық мектеп директорын сотқа дейін тергей бастады.

Жоғарыда аталған күдікті тұлға­лардың кінәсінің дәрежесін анықтап, түпкілікті шешімді сот шығарады. Өткен аптада осындай қылмысы дәлелденгендерге қатысты бірқатар үкім шығарылды.

Осыған дейін Павлодар облысы­­ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­меті 2018 жылы тауарлық-материал­дық құндылықтарды сатып алу туралы жалған мәміле жасасу арқылы 6,3 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырған «Қазақстан су жолдары» РМҚК Павлодар филиалының басшысын сотқа дейін тергеген. Биыл 7 сәуірде Павлодар қаласының №2 сотының үкімімен аталған басшы 2 жыл мерзімге бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы департамент еншілес кәсіпорындарды тарту арқылы жерге орналастыру және жер кадастрлық жұмыстарын жүргізу бойынша қызметтерге ақы төлеу ретінде бөлінген 574 млн теңге бюджет қаражатын қалтаға басқан облыс әкімдігінің Қаржы басқармасы басшысының орынбасары А.З.Қалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 2020 жылы 4 сәуірде Петропавл қаласы сотының үкімімен А.З.Қалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылды. Осы үкіммен Д.Б.Қалиева 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар аудандық соттың төрағасына қатысты Қылмыстық-про­цессуалдық кодекстің 200-бабына сәйкес жасалған ұсынысты қарау нә­тижелері шықты. Бұған дейін Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет қыл­мыс жасау туралы жалған фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық құқықбұзушылық пен басқа да заң бұзушылыққа әкеліп соққан жағдайларды жою бойынша ұсыным енгізген еді.

Қазақстан Республикасы Судья­лар одағының Алматы филиалы судьяларының этикасы Комиссия­сының 2020 жылғы 3 сәуірдегі хатта­малық шешімімен Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының төрағасы Қ.Әріповке қатысты сот этикасына қайшы келетін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қоғамдық айыптау шығарылды.