Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов Қарағанды облысындағы «МиГ-31» әскери ұшағының құлауына байланысты мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, 16 сәуірде сағат 19:03-те жауынгерлік кезекшілікке дайындалу үшін жоспарлы ұшу кезінде Қарағанды әуежайының оңтүстігі тұсында Қазақстан Әскери-әуе күштерінің «МиГ-31» ұшағы апатқа ұшыраған. Мұндай оқиға «МиГ-31» ұшағына қатысты алғашқы рет тіркеліп отырған жоқ.
Ұшудан кейін қозғалтқыштардың бірінде өрт шыққан. Экипаж ұшақты елді мекен аумағынан бұрып жіберу үшін барлық шараларды қабылдап, қарапайым тұрғындарға еш қауіп төнбейтініне көз жеткізген соң, ұшу жетекшісінің бұйрығымен катапульттеуге көшті.
– Бортта 2 ұшқыш болды. Экипаждың даярлық деңгейі жоспарланған ұшу тапсырмасын орындауға сәйкестелген еді. Ұшақты жалпы ұшу уақыты 888 сағатты құраған подполковник Арман Құрманғалиев пен ұшу уақыты 1161 сағаттан асқан подполковник Иван Гаврилко басқарған болатын, – деді Н.Орманбетов.
Алғаш болып апат орнына «Қазқұтқару» іздестіру-құтқару қызметінің кезекші тікұшағы, сондай-ақ Әскери-әуе күштерінің жердегі іздестіру-құтқару командасы жетті. Ұшқыштарға жедел медициналық көмек көрсетіліп, кейін олар Қарағанды қаласындағы облыстық ауруханаға эвакуацияланды. Қазіргі уақытта ұшқыштарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Бір ұшқыштың жағдайын дәрігерлер «қанағаттанарлық» деп бағалауда. Екінші ұшқыштың жағдайы – «орташа».
О.Орманбетовтің айтуынша, Қорғаныс министрі аталған авиациялық оқиғаны тексеру жөнінде комиссия тағайындады. Апат себебі анықталғанға дейін «МиГ-31» ұшақтарының ұшуы тоқтатылды.