Өткен аптада «Біз біргеміз» қорынан бөлінген 5 миллион медициналық бетперденің 2 миллионы Алматы қаласына жеткізілген болатын. Игі іске мұрындық болған «Нұр Отан» партиясының белсенділері қорғаныш құралын тарату ісінің жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Мәселен мегаполистің Әуезов ауданында күн сайын 10 мың маска тиісті орындар мен мұқтаж жандарға таратылады. Көмек алушылар ауданның көп балалы және аз қамтылған жанұялары мен мүгедек жандар. Оларға қажетті заттарды жеткізіп беруге еріктілер де атсалысып жатыр. Олардың барлығы медициналық тексерістен өтіп, қорғаныш киімдерімен толық қамтамасыз етілген. Аталған ауданның еншісіне қор тарапынан 300 мың қорғаныш дәкесі берілген.
Сондай-ақ, қала бойынша «Біз біргеміз» акциясы аясында мұқтаж жандардың ішіп-жемі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ең қажетті деген азық-түлік түрлері үйлеріне дейін жеткізіліп отыр. Төтенше жағдайға байланысты қайырымдылық акциясы қаланың әр ауданында қанат қағуда. Бұл істерге еріктілер де мол үлес қосуда.