Қалалық төтеншеліктер Медеу ауданы аумағына қарасты «Тау-күні» оқу-сауықтыру кешенінің аумағында топырақ көшкіні жүргенін хабарлады.
Абырой болғанда оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ. 7200 текше метр топырақ пен тау жынысы өзен арнасын бөгемей, Кіші Алматы арнасына түскен.
«Көшкін 14-15 сәуір күндері толассыз жауған жаңбырдың салдарынан болды. «Қазселқорғау» РМҚК мәліметінше, көшкін қаупі әлі де сақталады. Кешен аумағында орналасқан спорт зал, бассейн және ғимараттар қирауы мүмкін», - деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.
Мамандар қайта көшкін болуы ықтимал деген учаскелерді анықтап, аталған аумақтың айналасы жолақ лентамен қоршалғанын айтты. Сондай-ақ мекеме иесіне қауіпті аймаққа адамдарды жібермеуге және ғимараттарға кіруге шектеу қою туралы ескерту жасалған.
– Жалпы Алматы аумағында 41 қауіпті нүкте бар. Былтырғы жылы қаладағы қауіпті аудандарды құжаттандыру үшін бюджеттен 35 миллион теңге бөлінген. Қазір сол жұмыстар жүргізілуде. Биылғы наурыз айынан бастап Медеу және Бостандық аудандарында жалпы көлемі 7 220 текше метр 4 көшкін тіркелді. Олар: «Юбилейный» шағын ауданындағы Сұлусай тас жолында (көлемі 15 текше метр); Курортная көшесі, 75 (көлемі 3 текше метр); Бостандық ауданындағы М. Жұмабаев көшесі 21-үй (көлемі 2 текше метр); «Тау-күні» оқу-сауықтыру кешенінің аумағында (көлемі 7 200 текше метр), – дейді жауапты мамандар.