“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі жобасын жүзеге асыруға партиялық бақылау жүргізу жөніндегі сараптамалық топтың отырысы болып өтті.
Мемлекет қаражатының дұрыс жұмсалуын бақылау жөніндегі бұл топтың құрамына Парламент депутаттары, Мәжілістегі “Нұр Отан” ХДП фракциясының мүшелері, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Аталған топтың жетекшісі болып партияның ел үкіметіндегі ресми өкілі Владимир Дворецкий тағайындалды.
Басқосуға қатысқан топ мүшелерінің айтуына қарағанда, қазіргі таңда жергілікті жерлерде тұрақты қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін, бұған қоса, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жобаның жүзеге асырылуы барысы туралы ағымдағы шараларды әзірлеу үшін билік партиясының аймақтық филиалдары жанынан аумақтық қоғамдық комиссиялар, ал құрылыс нысандарында партиялық бақылау бекеттері құрылмақ. Сондай-ақ комиссия мониторингі барысында мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, табиғатты пайдалану туралы заңнаманың сақталуы, қоршаған ортаны қорғау, жергілікті халықты жұмыспен қамту және жобаны іске асыру кезінде анықталған түйткілді мәселелерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар жан-жақты қаралады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.