СҚО полицейлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 15 атыс қаруын алды. От қаруды қолданумен жасалатын қылмыстардың алдын алу шаралары Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің тұрақты бақылауында.
Азаматтық және қызметтік от қарудың айналымын бақылау жөніндегі бөліністерінің инспекторлары жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, құқық бұзушылық пен қылмыстарды ескерту мақсатында тұрақты түрде тексеріс жүргізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері облыста Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша 15 бұзушылық фактісі анықталып, мылтықтары алынды.
Мәселен, жедел-профилактикалық іс-шара барысында Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Медвежка ауылының 29 жасар тұрғыны атыс қаруын ешқайда тіркемегендігімен қоймай, үйінің кіреберісінде сақтайтындығы анықталды. Сөйтіп, одан тегіс ұңғылы 16 калибрлі «ИЖ-К» мылтығы тәркіленді. Қарудың қайдан алынғаны туралы сұраққа ол мылтықты шамамен 10 жыл бұрын үйді сатып алған кезде тауып алдым деген жауап айтқан. Мылтықты заңсыз сақтағаны үшін оған қосымша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген.
«Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылыс заттарын өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Қаруды тіркеу, қайта тіркеу тәртіптеріне қатысты сұрақтармен солтүстікқазақстандықтар Әкімшілік полиция басқармасына хабарласа алады», - деді осы басқарманың аға инспекторы, полиция майоры Құрман Мусин.
Солтүстік Қазақстан облысы