Қарағанды қаласындағы Майқұдық елді мекенінде карантин режіміне қарамастан, көшеде дискотека ұйымдастырған тұрғындарды полиция қызметкерлері анықтады.
Атап айтқанда, аулаға дыбыс күшейткіш құрылғыларды шығарып, музыканы бар дауысымен қойған ер адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 476-бап бойынша хаттама толтырылды. Кінәлі 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 15 тәулікке қамалуы мүмкін.
Сондай-ақ тексеру барысында ювеналдық полиция қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындарда ересектерсіз өз беттерімен жүрген 69 жасөспірімді ұстады. Кәмелеттік жасқа толмағандардың 54-і орта мектеп оқушылары болып шықты. Осы фактілердің барлығы бойынша тәртіп бұзушылардың заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске салсақ, облыс орталығындағы Октябрь ауданы (Майқұдық) тұрғындарының кешкісін көшеде би билеп жүргендері туралы бейне көріністер әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткен болатын. Тәртіп сақшыларына кінәлілерді іздеп табуда осы бейне материалдардың көмегі тиген.