Қазалы ауданында карантин талабына мән бермей, тәртіп бұзатындар азаяр емес. Тіпті кейбірі көлік руліне масаң күйде отырып, жол-көлік оқиғасының орын алуына себепші болуда. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық сотта «TrueConf» мобильді байланыс жүйесін қолдану арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 476 және 608 баптарында көзделген құқық бұзушылықтарды жасаған азаматтарға қатысты әкімшілік істер қаралды.
Сот отырысында анықталғандай аудан тұрғыны төтенше жағдайға байланысты көлік құралдарының жүруіне қойылған шектеулерге қарамай, Әйтеке би көшесінің бойында автокөлігін масаң күйде басқарып, жол ережесін бұзған. Осылайша қарсы бағыттағы көлікке соғып, жол жиегінде тұрған темір шарбақтар мен контейнерлі дүңгіршекке зақым келтірген.
Карантин талабын сақтамаған, жәбірленушілердің мүліктерін бүлдіріп, материалдық залал келтірген ол ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы 9-тармақшасымен және 608-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Көлік руліне ішіп алып отырған тағы бір тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен және 476-бабы 9-тармақшасымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 18 тәулік әкімшілік қамаққа алынды. Сот шешімімен ол да жеті жылға дейін көлік құралын басқара алмайды.
Сонымен қатар, көлік құралын басқару құқығы жоқ болса да, ішімдіктен жұтып алып, көшеде ызғытып жүрген тағы бір азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігімен және 476-бабы 9-тармақшасымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 23 тәулік әкімшілік қамаққа алынды.