Бұл туралы бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жедел штаб отырысында айтты. Отырысқа штаб мүшелері мен селекторлық байланыс арқылы кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Қазіргі таңда вирус жұқтырғандардың 24-і осы облыс орталығынан тіркеліп отыр.
– Бұл қабылданған шектеулерге қарамастан жерлестеріміздің инфекцияның қауіптілігін сезінбей, карантин талаптарын сақтамай отырғанын көрсетеді. Сондықтан да, індеттің таралуын тежеу шараларын ширатуымыз керек, – деді қала басшысы.
Шаһар басшысы төтенше жағдай режим талаптарын сақтай отырып, көктемгі егіс жұмыстарын кешеуілдетпеуді міндеттеді. Қалаға қарасты ауылдар мен саяжайларда халық күнделікті көп тұтынатын азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында ұйымдастырылған көшпелі сауданы тоқтатпау керек.
Сондай-ақ, шаһар басшысы қала маңындағы елді-мекендерге тұрғындар жалақылары мен зейнетақыларын алу үшін екінші деңгейлі банктер арқылы банкоматтар орнату жолдарын қарастыруды тапсырды.