Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов көктемгі егін науқанына орай аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің өтінішімен Қызылорда қаласында қосалқы бөлшектер сататын кәсіпкерлердің тізімі әзірленіп, жұмыс жасауына рұқсат берілгендігін жеткізді.
– Карантиннің енгізілуімен кәсіпкерліктің барлық саласы қиындыққа тап болғаны белгілі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер тығырыққа тіреліп отыр. Бұл мәселеге үкіметтік деңгейде мән беріліп, көктемгі далалық жұмыстарды, табиғатты қорғау, ветеринариялық жұмыстар жүргізу, ауыл шаруашылық, оның ішінде бал ара шаруашылығы іс-шараларына қатысы барларға жүріп-тұруға рұқсат берілді.
Ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты да түйткілді мәселе байқалуда. Бұзылған техникаға қосалқы бөлшектер сататын сауда орындарының барлығы жабық. Сондықтан да қосалқы бөлшек сатумен айналысатын кәсіпкерлік нысандар тізімін жасадық. Аталмыш мәселе облыстық штабта қаралып, сол тізімге енген кәсіпкерлерге ғана жұмыс жасауға рұқсат берілді - дейді Пірмұхаммед Сыздықов.
Аталмыш кәсіпкерлік субъектілері карантин жағдайында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 23 сәуірден бастап сағат 10.00 мен 15.00 аралығында қызмет көрсететін болады.