• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2020

СҚО: Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары 1 миллион 300 мың теңге пара алған

462 рет
көрсетілді

Кеше СҚО Шал ақын ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары Б.Шәниев 1 млн 300 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Облыстық полиция департаментінің берген ақпаратында параның кімнен және не үшін алынғаны айтылмайды. Тек күдіктінің жедел түрде жұмыстан шығарылғаны ғана жеткізілген. 

Төтенше оқиғаға байланысты облыстық полиция департаментінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі және ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерімен бірлескен тәртіптік комиссияның кеңейтілген шұғыл отырысы болып өтті. Оған бейнеселекторлық режім арқылы барлық аудандық бөліністер мен Шал ақын ауданы полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.

Қазір күдікті  уақытша ұстау изоляторына қамалды. ПД Тәртіптік комиссиясының шешімі оны ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарды. Ал тікелей басшысы, яғни аудандық полиция бөлімінің бастығы атқарып отырған лауазымынан босатылды. Сонымен қатар, бірқатар басшылар, соның ішінде облыстық ПД бастығының екі орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Пара алу фактісі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі әріптестермен ҚК 366-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. «Бүгін мен жаза қолдану туралы бұйрыққа қол қойдым. Біз алдағы уақытта да өз қатарымыздағы құқық бұзушыларға қатаң шаралар қолданатын боламыз. Мұндай келеңсіз жәйт барлық жеке құрам Төтенше жағдай кезінде ерекше режімде қызмет атқарып жатқан уақытта орын алды. Кез келген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық көріністерінің жолын ымырасыз кесетін боламыз», - деді СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев.

Солтүстік Қазақстан облысы