Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау және таныту мақсатында акция бастады. Аталған шаралар қазақтың ұлы ойшылының 175 жылдығын тойлау аясында #Абай175, #1МАМЫР #Birlikkuni, #BizBirgemiz хэштегтері бойынша өтеді.
Бұл челленджге Нұр-Сұлтан қаласындағы өзбек этномәдени орталығының өкілдері алғаш болып қолдау білдірді. Олар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қазақ тілінде өзбек ұлттық музыкалық аспабы рубобтың сүйемелдеуімен орындады. Өзбек мәдени бірлестігінің өкілі Нуриддин Молдабаевтың айтуынша, қашғар рубобы ең танымал аспаптардың бірі саналады. Жыл сайын елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай түрлі концерт, ауқымды акция мен мерекелік шара өтеді. Алайда биыл Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы салдарынан карантин жарияланғандықтан, мерекелік шаралардың форматын өзгерту туралы шешім қабылданды. Іс-шараларды онлайн-режімде өткізуге ерекше назар аударылып отыр. «Бүгінде елордада 130-дан астам өзге ұлт өкілі тұрады. Қалада 23 этномәдени бірлестік бар. 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейді және олардың саны жыл сайын артуда. Елордалық этномәдени бірлестіктер жаңа шығармашылық бастамалармен және түрлі іс-шаралармен ерекшеленеді. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз әртүрлі этностың ұлттық музыкалық аспаптарын насихаттау акциясын өткіздік. Карантинде музыка арқылы еліміздегі ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту үшін барлық этностың шығармашылығын жеткізгіміз келеді», деді Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова.
ҚХА қалалық хатшылығы елорда тұрғындарын акцияға белсенді қатысып, әр халықтың музыкалық аспаптарын біліп, тарихымен танысуға және Абайдың әнін бірлесе орындауға шақырады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған шаралар өтуде.