Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қытайдан келген дәрігерлер делегациясымен коронавирус инфекциясына қарсы күресу жөніндегі тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Есте болса, 19 наурыз күні аты жаман тұмаумен күресіп жатқан алматылық дәрігерлерге онлайн-дәріс өту үшін аспан асты елінің білікті 10 дәрігері келген болатын. Бас-аяғы 4-5 күннің айналасында қытайлық мамандар 700- ден астам сабақ өткізіп, тәжірибелерімен бөліскен. Әлем халқын алаңдатқан қауіпті індетпен күресте күш біріктіру маңызды деген шаһар басшысы шетелдік мамандарға алғыс білдіріп, бірқатар мәселені саралады.
«Алматыға ҚХР-дан келген дәрігерлер делегациясымен коронавируспен күрес бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқыладық. Соның ішінде жаппай тестілеу, қауіпті індеттің алдын алу, емдеу және науқастарды оңалту, медицина қызметкерлерін даярлау әрі оқыту жағы пысықталды», – деп жазды әкім өзінің Twitter-дегі парақшасында.