• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Коронавирус 23 Сәуір, 2020

Түркістан: Екі адам айығып, жетеуі жұқтырды

460 рет
көрсетілді

Алдымен жағымды жаңалықты жеткізейік. Арыс қаласының 50 жастағы азаматы мен Жетісай қаласының 1983 жылы туған тұрғыны дертінен толық айығып, отбасына оралды.

Олардың бірі Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавл-Қызылорда бағытындағы поезбен келген азаматтың туысы болса, енді бірі 4 сәуір күні қайтыс болған жетісайлық тұрғынның жақын туысы.

Соңғы мәліметтерге сай, Түркістан облысында індеттен жазылғандар саны 20-ға жетті.

Өкінішке қарай, 23 сәуірдегі мәліметке сәйкес, Түркістан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны тағы 7 азаматпен толығып, өңірде тіркелгендер саны 74-ке жетті.

Індет анықталған жетеудің бірі  Созақ ауданы, Таукент ауылының 1980 жылы туған тұрғыны. Ол Ресей Федерациясынан 15 сәуірде Қарағанды қаласына келіп, ары қарай Алматы қаласына барған. 21 сәуір күні Алматыдан Созақ ауданына келген. Сондай-ақ, Созақ ауданы, Созақ ауылының 1992 жылғы тұрғыны мен осы ауданның Құмкент ауылында 2020 жылы туған сәбидің COVID-19  індетіне шалдыққаны белгілі болды. 

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының 1983 жылы, 1990 жылы, 1992 жылы, 1997 жылы туған тұрғындарынан да вирус анықталды.  Аталған азаматтар коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен жақын байланыста болған. Вирус жұқтырғандар қазіргі уақытта оқшауланып, тиісті ем қабылдауда.