• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Сәуір, 2020

Оқшауланғандағы ойлар

852 рет
көрсетілді

Бірде Түркияға саяхат барысында кездейсоқ бір ақсақалмен әңгімелестім. Өмірден түйгені мол түрік қариясы: «Дұға-батаның қуаты орасан. Ғасырлар бойы ата-бабаң кәсіп еткен дүниемен айналысудың берекеті бар. Өйткені бұл дұға-тілекпен бекіген, тамыры бар дүние, сосын балама ақшаң көбейсе аяқ киім тігумен кәсіби түрде айналыс, мен де, менің әкем, оның әкесі де етікші болған деп ақыл айттым. Қазір шүкір, шаруасы дөңгелеп тұр», деді.

Пәлендей білімі, академик, профессор деген атағы жоқ, қарапайым түрік қариясы­ның айтқаны жүрегімнің бір тінін үзіп түскен­дей шым еткізді. Ойыма бір заманда ата кәсібінен ажырап, ақ таяғын ғана ұстап кәсіпсіз қалған, алты ай қыста жолсыз қалып, жер дүниедегі игілік атаулыдан қол үзіп, бар-жоғы ұмытылған соң қайда тіршілік көзі бар деп бас сауғалап кеткен ауылдастарым оралды. Әйтпегенде ел қандай, бетегесі белден келер жер қандай, шұрайлы шұраты, айдынды-шалқарлы көлдері, нулы-сулы өзендері қандай еді? Солардың әрқайсысының маңайында үйір-үйір жылқысын, отар-отар ақтылы қойын, табын-табын сиырын өргізіп, берекесі тасыған ырғын ел отырған еді.

Жалаңаяқ мақпал топырағын басып, балалығым өткен ауылым Шилі қандай болатын? Аудан көлеміндегі жалғыз егінді шаруашылықтың басты орталығының өзі Бас Шилі, Орта Шилі, Аяқ Шилі, ортасын өзен бөліп жатқандықтан Арғы бет аталатын төрт бөлігінің сыртында төрт түлік бағатын арнайы төрт фермасы бар еді. Мектебі, кітапханасы, клубы, ауруханасы, перзентханасы, дәріханасы, бірнеше дүкені, наубайханасы, поштасы, май айыру цехы, машина-тракторлары топтасқан аула­сы, оның маңайында ауыл құрылысына қажет­ті ағаш кесетін орны, дәнекерлеуші мен ұстасы еңбек ететін дүкені, моншасы, биебауы, жыл бойына үзбей сиыр сауатын сауыншылар ба­зы болатын. Әр ферма орталығында бастауыш мек­теп, ал шаруашылықтың орталығында осы 8 ауыл мен қойшы, бақташы, жылқышылардың ба­лаларын оқытатын орта мектебі бар еді. 9-сыныпта мектеп оқушылары еңбек практикасына барып, қой қырқым, сақманға да араласып, ауыл балалары еңбек атаулыдан қашпай, көздерін тырнап ашқаннан жұмысқа білектерін түре белсене кірісетін.

1948 жылы Жангелдин ауданынан 6 адамға Еңбек Ері атағы берілгенде, соның үшеуі – Жексенбай Қондышев, Едірес Нұрғалиев, Фәтхолла Кірмаңдаев осы Шиліден шыққан. 1980 жылдардың аяғында, 1990 жылдардың басында шаруашылықта бірнеше егіс бригадасына қоса, 50 мың қой, 2000 жылқы, 1500 ірі қара болса, туған ауылым Ақшығанақта 68 мың қой, ал Міржақып Дулатовтың ауылы – Қызбел шаруашылығында 16200 ірі қара мал бар еді. Осынша малды бағуға қаншама еңбек адамы керек болса, оларға түрлі қызмет көрсететін қосымша жұмыс орындары да демалыссыз дерлік жұмыс атқаратын. Өйткені мал шаруашылығы дамылдауды сүймейді. От оттап, су ішпесе, арнайы бағылмаса мал атау­лы бетімен кетеді емес пе? Сондықтан мал баққан жанға 365 күнде бір демалыс жоқ-тын. Оның сыртында қыруар малдың жылқыдан өзгесі қыста қолға қарағанда ауа жұта ма, жаздай олардың жем-шөбі даярланатын. Қысқасы не керек, ауыл деген қайнаған еңбек, қызған тіршілік ортасы еді. Бірақ осы тыныс бұзылып, моралдық тұрғыда еш даярлығы жоқ нарыққа енгенде, бұрынғы экономикалық байланыс­тар үзіліп, абдыраған тіршілікте жөн таба алмаған шаруашылықтар бар малын айырбасқа жөңкілтті. Бартерден қалған біраз малды пай ретінде таратқанда үлесін ұстап тұра алғандар некен-саяқ болды. Әр нәрсе қат заманда бір қойын екі сабынға айырбастап та жіберді. Малы жоқ ауылда береке болар ма? Істейтін жұмысы, атқарар кәсібінің өрісі тарылған, амалы жоқ халық өлместің қамымен бетін қалаға бұрды. Ал ауылда қалған аз жұрт есеңгіреп барып есін жиғанда өз мұңымен өздері оңаша қалған-ды. Бірақ тынысын тарылтпады, ата қонысында, ата кәсібін енді өз қорасының маңында жалғастырып жүргенде болашағы жоқ ауылдарды жабу деген әңгіме шықты. Алды жабылып жатыр. Бұл күнде менің Шилімнің басына да бұлт үйірілді.

Індетпен ілескен оқшауланған өмір түрлі ойға жетелейді. Ауылды болашағы жоқ деп жабу мемлекеттің бүгіні үшін де, ертеңі үшін де ең дұрыс емес екенін бүгінгі тіршілік дәлелдегендей. Малшы мен егіншіге ғана қарап қалатын түріміз бар. Мұнайды ғана еме бермей, ата кәсіпті тіріл­тейік. Азықсыз күн көретін ешкім жоқ. Далиған далаң­ның түгі мен өрген малыңның өнімін баға­ла, экспортта, еліңді де, әлемді де асыра деп ой тастағандай. Ауылдан адам қашырып, ата кәсіп­тен бездіріп, ауылды адам тұрмас­тай етіп, жолсыз, интернетсіз қалдырып, мектеп, ауру­ха­на­ларды жауып, жатқа көкөніс, шөп өсір деп әуелі ұзақ жылға жалға беріп, одан бауыр басқан жерден шығара алмай өзің айырылып қалғанша, ауылды түлет, жағдайын жаса дегендей. Яғни ата кәсіпте береке бар дегенді меңзегендей!