• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Сәуір, 2020

Ел үшін қызмет етеді

223 рет
көрсетілді

Жаһанға жайылған коронавирус індеті бүкіл елдің үрейін ұшыруда. Бұл елімізге төтенше жағдай жариялауға дейін жеткізді. Карантин жарияланғалы полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлері бірлесе қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәулік бойы қызмет атқарып жатыр. Ұландықтар республика бойынша мемлекеттік маңызды мекемелер мен стратегиялық нысандарды ерекше бақылауға алды.

Бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әске­рі­нің жеке құрамы төтенше жағдай мен карантинге байланысты барлық шараларға жұмыл­дырылды.

Нұр-Сұлтанда күнделікті тәртіпті күзетуге 1200 әскери қызметші бөлінеді.  Олар полиция қызметкерлерімен бірге 600 бағытта жаяу патрульдеу ұйымдас­тырады. Сонымен қатар түнгі қыз­метке 7 автопатруль Ұлттық ұланнан бөлінген. Біз солардың қызметімен танысқан едік.

Есіл өзенінің жағасында жүрген патрульге кездестік. Полиция қызметкері қатардағы Арнат Аманов пен ұландық жауынгерлер қатардағы Өмірзақ Сәрсен мен Марат Айткен қызметте жүр екен.

– Біздің міндетіміз елордадағы төтен­ше жағдайға байланысты карантин ке­зінде көшеде кездескен адамдардың құ­­жат­тарын тексере отырып, үйден шығу себебін анықтау. Олардың қауіп­сіз­дік шараларын орындамауы, бет­пер­де­сіз көшеде жүруі бойынша бірінші түсіндіру ережелері жүргізіледі. Егер де жұмыс бабымен болса, қызмет орнынан арнайы құжат болуы керек. Барлы­ғы ережеге сай болатын болса, жібе­реміз. Сонымен қатар көліктерді де тоқтатып, түсін­діру жұмыстарын жүр­­гіземіз. Е­л­ор­­д­амызда көпшілік жи­на­латын орын­дар, саябақтарда қы­ды­руға тыйым са­лын­­ғандықтан бейсауат жүргендерге тиіс­ті шаралар қол­да­нылады. Ережені екінші мәрте бұзу­шыларға белгіленген мөлшерде айыппұл са­лынады, – дейді Арнат Жалғас­бек­ұлы. Сондай-ақ өздерінің бір күндік кезек­ші­лік қызметтерімен толығырақ таныстырып өтті.

– Біздің кезекшілігімізде кездескен адамдар түсіністік танытып, вирустың таралып кетпеуіне қарсы арнайы қолғап пен бетперделерін киюде. Тәулік бойы үйде отыру қиын екені белгілі. Олар да зерігеді, сыртқа серуендегісі келеді. Көшеде ішімдік ішкен, я болмаса тәртіп бұзғандарды кездестірсек, сол ауданға қарасты полиция бөлімшелеріне апарамыз, – дейді қатардағы полиция қызметкері Арнат Аманов.

Ұлттық ұланның жауынгерлерімен де сұхбат жүргізіп көрдік. Ефрейтор Ұлан Бөрібаевтың қызмет барысында өрескел тәртіп бұзу оқиғалары болмаған екен. Күн сайын 600 бағыт бойынша 1200 ұландық әскери қызметкер жұмылдырылды десек, олар екі ауы­сым бойынша ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетеді.

– Таңғы 9:00-ден кешкі 16:00-ге дейін бірінші ауысым болса, кешкі 16:00-ден бастап түнгі 23:00-ге дейін екінші ауысым жұмыс жасайды. Одан кейін түнгі уақытта 7 автопатруль қала көшелерін бақылайды. Біздің міндетіміз – қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Рұқсаттама құжаттарын тексеру, тыныштықты күзету. Кейбір адамдар карантинге байланысты қауіпсіздік шараларын қолданбайды. Беймезгіл уақытта көшеде жүреді. Бетпердесіз де адамдарды жиі кездестіреміз. Оларға ескерту жұмыстарын жүргізіп, арнайы базаға тіркеп қоямыз. Сол тәртіп бұзушы тағы бір мәрте кездессе, айыппұл салынады. Бір кісілер болады «бізде бетперде жоқ, барлық дәріханаларға бардық, ол жерлерде де сатылымда табылмады», – дейді. «Тіркелу орындарына байланыс­ты әкімшілік орындарына барсаңыздар, белгілі бір құжат толтыру арқылы ви­рус­қа қарсы жабдықтар беріледі», деп түсіндіреміз, – дейді ефрейтор Ұлан Бөрібаев.

Елімізде төтенше жағдай енгізілгенге дейін де қала күзетінде адал қызмет атқарып жүрген қатардағы Мейрамбек Жексенбай мен Қанапия Сейітұлы да біздің бір-екі сұрағымызға жауап берді.

– Біз Отан алдындағы азаматтық бо­ры­шымызды адал атқару үшін ант бер­генбіз. Сондықтан да болар, біз үшін күнделікті жауынгерлік қызмет пен карантин кезіндегі қызметтің аса айыр­­машылығы жоқ. Бастысы, ха­лық­қа адал қызмет ету. Елімізге әлем­ге та­рал­­­ған індет келгелі шамалы үрей орын алған­дай. Десе де, қала тұр­ғын­­дарынан каран­тин уақытында үйде болуларын сұ­раймыз. Арнайы мамандардың айт­қан­­дарына құлақ асып, сабырлық таныт­са, еліміз бұл күндерді де артта қалдырады деп сенеміз, – дейді ұлан­дық сарбаздар.

Қала көшелерін аралау барысында бай­қағанымыз, қозғалыс барынша сая­быр­сыған. Кешкі уақытта қалада қыбыр еткен жан жоқ деуге де болады. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «тәр­тіп­ке бағынған құл болмайды». Бүкіл ел болып жансақ ақпараттарға сүй­ен­бей, елімізге төнген індетті жұмыла көтерсек, біз жеңіп шығамыз.

 

Есенбол ИМАНҒАЗЫ