Бүгінгі Жамбыл облысында «Жолбарысқамал» дейтін жер екі бірдей ауданның аумағында кездеседі. Жуалы ауданы, Қошқарата ауылының маңында «Үшқаспа» дейтін жер бар. Білетіндер, бұл жердің ертеден осылай аталатынын айтады. Бұл Боралдай мен Ұзынбұлақтың қосылған жеріндегі алап.
Ел аузында Жолбарыс ханның кезінде осы алапты жайлағаны жиі айтылады. Сондықтан да көпшілік бұл атаудың кейіннен өзгеріп, «Жолбарысқамал» атанып кеткен деген байламға тоқтайды. Яғни, көпшілік бұл жер Жолбарыс ханның ордасы болған деген болжамды дұрыс көреді. Ал Жолбарыс хан бұл жерге қалай, не себепті келді деген сауалға келсек, көптеген деректе жаугершілік заманда ол Төле бимен бірге келіп, осы алқапты жайлаған деген деректерді кездестіреміз.
«Жолбарысқамал» деген жер Талас ауданында да бар. Бұл қамал Таластың Сарысу ауданына қарай барар жолындағы Есейхан ауылының маңында орналасқан. Есейхан тұрғындары күні кешеге дейін ауыл маңында жолбарыстардың болғанын айтады. Ел аузындағы аңыз бойынша, ерте заманда Таластағы елге атақты Ескендір Зұлқарнайын соғыс салып келіпті деседі. Жергілікті жұртшылық жауға қарсы сес көрсетіп, табандылық танытады. Бір сөзбен айтқанда, әйгілі қолбасшының елді алуы қиынға соғыпты. Сонда Зұлқарнайынның кеңесшілері «Бұл елдің тауында екі қызыл жолбарыс бар. Соларды ұстасақ болды, өздерін бағындыру оңай. Олардың иесі – сол жолбарыстар екен», депті. Сөйтіп әп-сәтте Ескендір Зұлқарнайын әлгі жолбарыстарды ұстауға жарлық беріпті. Бірақ Қаратаудың қатпар-қатпар құпияларынан жолбарыстарды ұстау мүмкін болмайды. Бірақ талай уақыт арпалысса да бұл әрекеттен ештеңе шықпайды. Ақыры бұл шаруаның болмайтынына көзі жеткен Зұлқарнайын кері қайтады. Жолбарыстар сол қамалған жерінде қала беріпті. Әрине бұл аңыз. Ғасырлар бойы ел аузында сақталған жәдігер. Алайда күні бүгінге дейін жергілікті халық бұл жердің «Жолбарысқамал» аталып кеткенін осы аңызбен байланыстырады. Сол сияқты бұл жердің Жолбарыс ханның ордасы болған, болмаса аңшылар азулы аңдарды қамап ұстайтын жері болған деген де болжамдар жетерлік.
Жамбыл облысы