• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Сәуір, 2020

Алматыда салынған модульді аурухана алғашқы емделушілерін қабылдады

126 рет
көрсетілді

Су жаңа ауруханада қазіргі таңда 43 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы мәлімдеді.

Есте болса, осыдан үш күн бұрын әлемге дүрбелең салған аты жаман тұмаудың алдын алу үшін 18 күнде салынған су жаңа модульді аурухананың ашылуына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан болатын. Медициналық мекеме заманауи жабдықтармен жарақталған. Дәрігерлердің қауіпсіздігіне де барлық оңтайлы жағдай жасалған.

Аурухананың барлық палаталарымен бөлмелері заманауи желдеткішпен қамтылған. Модульдік кешенде палаталарда теріс қысым жасайтын желдету жүйесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, вирусы бар ауа палатадан тыс жерге енбейді, ол арнайы залалсыздандыру жүйелеріне түседі. Еске салайық, аурухана 280 төсек-орынға есептелген. Онда 9 клиникалық бөлімше мен 28 төсек-орындық жансақтау бөлімшесі бар.

«Кеше кешкі сағат 18.00-ден бастап алғашқы науқастарды алып келді. Онда қазіргі уақытта 43 пациент жатыр. Олардың ішінде біреуінің ғана жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал, қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық. Дертінің ауырлық деңгейіне қарамастан, модульді ауруханаға COVID-19 инфекциясын жұқтырған барлық науқас жатқызылады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева.