• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Сәуір, 2020

Біржан Нұрымбетов жұмыс берушілерді «Қауіпсіз еңбек» іс-шараларын өткізуге шақырды

202 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс берушілерге, кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарына «Қауіпсіз еңбек» ұранымен іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуға шақырды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

- Жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. 2020 жылы оның тақырыбы «Пандемияны тоқтату: жұмыстағы қауіпсіздік пен денсаулық адам өмірін сақтап қалады» деп жарияланды. 28 сәуірде әлемдік жұртшылықпен ынтымақтаса отырып біз өндірісте зардап шеккен қызметкерлерге құрмет көрсетеміз, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі шараларды сақтауға шақырамыз, еңбек мәдениетін насихаттаймыз, -деді министр.

Оның айтуынша, әлемде жыл сайын 2 млн-нан астам адам қаза табатын 270 млн жазатайым оқиға және 160 млн кәсіби аурулар тіркеледі.

- Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар біздің елде де орын алып жатады. Республикамыздың кәсіпорындарында жыл сайын 1300-ден астам қызметкер жарақат алады. 2020 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша зардап шеккендердің саны 341 адамды құрады. Зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында 2019 жылы 370 мыңнан астам қызметкер жұмыс істеді: шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (45,9%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы жағдайында әрбір үшінші (32,6%) жұмыскер еңбек етті. 94 мың адам немесе сауалнамаға қатысқан кәсіпорындар қызметкерлерінің санынан 5,6%-ы ауыр дене еңбегімен айналысқан, - деді Б.Нұрымбетов.

Министрдің сөзіне сүйенсек, өткен жылы 676 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс үшін 128 млрд теңге көлемінде түрлі өтемақы алды.

- Қазақстанда 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру басталды, оның аясында 255 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Біз жұмыс берушілерді жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға шақырамыз. Жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарының санын азайту мақсатында Үкімет қаулысымен 2019 жылы Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019 - 2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

Ұйымдарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу тетігін көздейтін еңбек мәселелері жөніндегі заң жобасы Парламент Сенатының қарауында.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін еңбекті қорғауды басқару жүйесі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығының сақталуына жұмыстағы қауіпті факторлардың әсерін анықтау үшін олардан туындайтын тәуекелдерді талдауға негізделетін болады.

Жұмыс берушілерді, кәсіподақтарды, еңбек ұжымдарын «Қауіпсіз еңбек» ұранымен іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуға шақырамыз. Өткізілген іс-шаралардың негізгі мақсаты өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпсіз еңбекті насихаттау және қызметкерлердің еңбек процесінің қауіпсіздігіне саналы көзқарасын арттыру болып табылады. Ол үшін бізге барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет, – делінген Біржан Нұрымбетовтың мәлімдемесінде.