• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Сәуір, 2020

Қызылорда: Қала шаруашылықтары күріш дәнін септі

1166 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтар да күріш егістігін бастады. Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Ақжарма ауылдық округіндегі «Мағжан и К» ЖШС егіс алқабында алғашқы дән сеуіп, диқандарға сәттілік тіледі.

Қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Дәулетбек Әбдірасулов егіске дайындық туралы есеп берді.  «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев көктемгі егін науқанының жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқанын,  120 гектарға бидай, 158 гектар алқапқа ескі жоңышқа, ал 470 гектарға күріш егілетіндігін жеткізді.

Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жұмыстың агротехникалық талаптарға сай жүргізілуін нықтап, диқандармен Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді тиімді пайдалану жайлы пікірлесті.  

Алғашқы күріш егу науқанында еңбек ардагері Серік Сейтназаров шаруаларға бата берді.

Жалпы биыл, көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қала бойынша 7395 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын егу межеленген. Қазір төтенше жағдайға қарамастан шаруашылықтар бойынша ерте көктемде егілетін 292 гектар жаздық бидай,  20 гектар арпа, 5 гектарлық алқапқа сұлы, 40 гектарға мақсары дәні себілді. Ал негізгі дақыл – күрішті 3033 гектарға егу жоспарланған.   

Мемлекет басшысының тапсырмасымен науқанға қажетті 705 тонна дизель отыны кезең-кезеңімен жеткізілуде.  Әр литрінің бағасы 162 теңге болатын арзан жанармай диқандар үшін үлкен қолдау екені анық.

Бүгінгі күнге дейін су шаруашылығы нысандарын дайындау, су жүйелерін тазарту жұмыстары толығымен орындалды.