• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Сәуір, 2020

Атырау: Облыс әкімі медицина қызметкерлеріне алғыс айтты

284 рет
көрсетілді

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус инфекциясына қарсы күресте алдыңғы сапта жүрген дәрігерлер және медицина қызметкерлерімен онлайн сұхбат өткізіп, алғысын білдірді.

Тікелей байланысқа коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен жұмыс жасап  жатқан облыстық жедел жәрдем станциясы мен инфекциялық бөлімше орналасқан №2 облыстық аурухананың дәрігерлері қосылды. 

–Қазір сіздер шын мәнінде мылтықсыз майдандасыздар. Өйткені, күнделікті қауіп-қатерге қарамастан қажырлы жұмыс істеп, бүгінгінің қаһармандарына айналдыңыздар. Қазақстан медицинасының ерлікке толы жаңа тарихын жазып жатырсыздар. Халқымыз өздеріңізге үміт артып, амандықтарыңызды тілеп отыр. Біздің де басты міндетіміз – ең алдымен, сіздерді қолдау, -  деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Атырауда медицина  саласы мамандарының жалақысына үстемақы төлеу үшін 288,7 миллион теңге бөлінген. Өткен айда оның 44,5 миллион теңгесі 373 қызметкердің қолына тиді. Бұдан тыс коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді ынталандырудың қосымша шаралары қарастырылды. Атап айтқанда, демеушілер тарта отырып, 634 медициналық қызметкерге көтермелеу қаржы төленді. Ал, 164 дәрігер және жедел жәрдем станциясы қызметкерлері қонақ үйлерге орналастырылды.

Тікелей байланыста №2 облыстық аурухананың дәрігерлері науқастарды емдеу жолдары туралы баяндады. Мәселен, инфекциялық  стационарға 27 наурыздан  бүгінге дейін 123 науқас қабылданып, 59-ы толық нәтижелі емін алып,  ауруханадан шығарылды. Ал, жедел жәрдем станциясы мамандарының айтуынша, COVID-19 инфекциясын жұқтырғандармен жақын және потенциалды байланыста болған азаматтарды тасымалдауға 3 арнайы бригада жасақталған. Сәуірде қосымша 2 арнайы бригада тағы қосылған. Сонымен қатар, қорда  бір рет қолданылатын маска, арнайы қорғаныс костюмдері, қорғаныс көзілдірігі   жеткілікті. Денсаулық сақтау басқармасы, демеушілер, еріктілер қорғаныс киімдерімен үнемі қамтамасыз етілуде.

–Денсаулық сақтау саласы үнемі басты назарымызда болады. Облыстағы әрбір медицина қызметкерінің орны біз үшін ерекше. Бұл індетті бірге жеңетінімізге  сенемін. Отбасыларыңызбен тез қауышуларыңызды тілеймін, - деп облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов  медицина қызметкерлеріне  алғысын білдірді.