Оқимын деген талапты жасқа қай уақытта да кедергі жоқ. Торғайдың тумасы Жақсылық Жүнісов ақсақал жас кезінде білім қуып, 1968 жылы сонау Ресейдегі Волгоград ауыл шаруашылығы институтынан бір-ақ шығады. Білім ордасындағы зооинженерия факультетіне түсіп, мамандық меңгереді. 1967 жылы Волгоградтың шетіне таман Сталинград шайқасында қаза болған жауынгерлерге арналған, ерлікке тағзымдай Мамай қорғаны мемориалдық ескерткіш-кешені ашылған болатын. Қазақ жастары жиналып, оған гүл шоқтарын қойып жүрді. Ескерткіш-кешендегі қара мәрмәр плиталарға жазылған боздақтар ныспысының әр үш-төртеуінен кейін қазақтың аты-жөні шығады. Қара жамылған әйелдей суық қара мәрмәрдан әр қазақтың аты-жөнін оқыған сайын Жақсылықтың құлағына ауылындағы ағайындардың «ой, бауырымдаған» ащы дауысы келгендей болатын.
Жалпы соғыс тарихы аз жазылған жоқ. Белгілі журналист, оқырманына Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбынан таңдайдан дәмі кетпейтін талай танымдық мақалалар ұсынған Жанболат Аупбайдың «Сталинград шайқасы тарихын түртіп қалсаң, қазақтың аты-жөні шығады» деуі тегін емес. Қорғану мен шабуыл 1942 жылдың 17 шілдесінен басталып, 1943 жылдың 2 ақпанына дейін, яғни жарты жылдан астам уақытқа созылған Сталинград майданында қазақтар басқа ұлттармен бірге неміс фашистеріне қарсы тұрды, ерлік көрсетті, кеудесін оққа тосты. Оған Қазақстанда жасақталған 387, 27, 28, 29, 38-ші атқыштар дивизиялары және 81-ші атты әскер дивизиясы, 152-ші бригада жіберілді.
– Бірде Бауыржан Момышұлынан «Қазақстанда жасақталған әр дивизияда қанша адам болды?» деп сұрағанымда: «Бізге дивизия жасақтау туралы тапсырма 1941 жылы келді. Біз сол жылы шілде айынан кірістік, екі айда жасақтап, 2 қыркүйекте батысқа аттанғанбыз. Біз алып кеткен 316-шы атқыштар дивизиясында 17 мың адам болды. Сосын кейінгі жылдары ерлер де азайды, құрылған дивизияларда 11 мың жауынгерден болды ғой» деген еді. Мүмкін Баукең айтқан бұл цифрдан да азайған шығар, бәлкім, – дейді Жанболат аға. Кейбір деректерде Қазақстаннан барған 6 дивизияның құрамында 50 мың адам барған деп жүр. Сталинград шайқасына Қазақстаннан барған 29 және 38-дивизияларға кейін 72 және 73-ші гвардиялық дивизия атағы беріледі. Бұл асқан ерлікке деген баға болатын.
Сталинград шайқасы Екінші дүниежүзілік соғыстағы тағдыршешті қимыл болды. Жау әскерінің күші Қызыл Армиядан қай жағынан да басым еді. Жалпы Германия мен оның одақтастарының Сталинградқа бағытталған 6 далалық армиядан құралған, бақайшағына дейін қаруланған 14 дивизиясы болды. Олар 1942 жылы жазда біраз ойранды салып, тамыз айының 23-інде ұрыс шебі Сталинградқа келіп тірелді. Немістер қалаға басып кірді. Жауынгерлер бір қадам артқа шегінбей, Сталинградты ерлікпен қорғады. Осындай қанды қырғынның қақ ортасында қазақстандықтар мен қазақтар жүрді.
– Сол ауыр шайқастардың куәсі, қазір тоқсаннан асып отырған Рабиға Зайнуллина әжеміздің әңгімесін толқымай тыңдау мүмкін емес. «Сталинград ұрысында адамдар қынадай қырылды, қан судай ақты ғой. Солдат котелегіне қар салып, соны ерітіп ішетін едік. Қар жинауға шыққанда қардың беті қып-қызыл қан болып жататын» деп еді ол. Осы шайқасқа тек Оралдан ғана 17 қыз аттанған екен, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева.
Сталинград шайқасындағы ажал анталап тұрған күндерде өзге ұлт өкілдерімен қатар қазақтар небір көзсіз ерлік көрсетті, өздері де қанға бөкті... Барлауға шыққан ұшқыш Нұркен Әбдіров оқ тиген ұшақты неміс қару-жарағы тиелген эшелонға бағыттайды да, майданға әкеле жатқан бомбалар мен танктерінің, снарядтарының күлін көкке ұшырады. Мотордың істен шыққанын, өзінің ажал құшатынын біле тұра Нұркен осындай ерлікке барды. Қарсыбай Сыпатаев жалғыз қалса да, бір адым артқа шегінбей, қолындағы соңғы минасын кеудесіне қысып, жау танкісінің астына түсті. Оларға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қатардағы жауынгер Бейқұтбай Дембаев қала үшін болған ұрыста жүрек жұтқан ерлігімен «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Бүгінгі Волгоградтағы «Сержант Павлов үйі» атты ғимарат нағыз ерліктің символындай елестейді. Төрт қабатты тұрғын үйді 29 жауынгер 58 күн бойы немістерге бермей қорғап тұрды. Түрлі ұлттың өкілі бар 29 жауынгердің арасында қазақ Тәлібай Мұрзаев та болды. Сталинград қаласы түбіндегі шайқастардың бас кезінде генерал Ф.Паулюстің 6-шы армиясын қоршап, тұтқындауға да Ғани Сафиуллин басқарған қазақстандық дивизия қатысқан болатын. Соғыстағы оқ пен өрттен аман оралған Сафиуллин кейін «За горами, за реками» деген кітап жазып, онда қазақ жауынгерлерінің ерлігіне тәнті болғанын баяндайды. «Сталинградтың шалғай іргесінен басталған ұрыстардан бері біздің 38-ші дивизия 18 мыңнан аса солдат пен офицерді тұтқынға алды, 68 танкті, 22 самолетті, 3 бронды пойызды, 400-ден аса зеңбірек пен минометті қолға түсіріп, 108 танкті, мыңнан астам машинасын қиратты. Олар майданға жүрер алдында қазақ жерінде бұларға берілген аманатты абыроймен орындап шықты» деп жазды генерал Ғани Сафиуллин.
Бүгінгі Волгоград қаласында Қазақ көшесі атты даңғыл бар. Оның да тарихы Сталинград шайқасындағы қазақтар ерлігімен байланысты екен. 1942 жылы қыркүйек айында Қазақстаннан барған дивизиялардағы қазақ жігіттерінен тұратын бөлімшелердің бірі осы көшені фашистерге бермей, бірнеше күн арпалысыпты. Олар көшені жауға бермепті, бірақ өздері де сол көшеде шейіт болыпты.
– Жасаған жақсылықтың қасиеті болады. Ал сол жақсылық қанша қыршынның төгілген қанымен, маңдай терімен келсе ше? Мұны волгоградтықтар жанымен, жүрегімен түсінеді. Ақырында Сталинград қалалық кеңесінің атқару комитеті қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі осы қала үшін жан аямаған қимылын ескере келіп, бұрынғы Жұмысшы-шаруа көшесін «Қазақ көшесі» деп атауға шешім қабылдады. Бұл жайында жазушы А.Шейнин және журналист М.Ритман өздерінің орталық баспасөзде шыққан очерктерінде тебірене жазған болатын, – деді соғыстың бір тарихы туралы Жанболат Аупбай.
Жақсылық Жүнісов осыдан екі жыл бұрын немересін алып, Астраханьға, Волгоградқа барып, қайынжұртын аралап қайтыпты. Волгоградта өзі білім алған оқу орнын, қаланың көрікті жерлерін және Мамай қорғаны мемориалды ескерткіш-кешенін, музей кешенін аралайды.
– Адам қаны судай аққан жердің киесі ме, әлде елден барғандарға мыңдаған қазақтың аруағы «туған жердің лебін алып келдің бе?» деп бас көтергендей болғаннан ба, бойыңды ерекше сезім билейді. Жаратқанның берген ғұмырын соғыс күрт үзді. Жаңбырша жауған жау оғынан тыс болғанда, олар да туған жерде бейбіт күннің қызығына тоймас еді-ау деп ойладым. «Аруаққа айналған соң, олардың тірілерден дәмесі тек Құран ғана» деуші еді аталарымыз. Мемориалдық кешенде христиан шіркеуі бой көтеріпті. Мұнда келген сол діндегі жандар өздерінің діни жоралғыларын жасайды екен. Бірақ мешіт жоқ.., – дейді Жақсылық ағай.
Расында, Сталинград шайқасы туралы осы мақала Жақсылық Жүнісов ақсақалдың ойының жетегінде жазылды. Мыңдаған адамның жанын жалмаған ұрыс туралы талай жазылған әңгімені жұқалап болса да санада жаңғыртқанымыздағы мақсатымыздың бірі мына төмендегі мәселелерді жеткізу еді.
Майдан даласындағы аласапыранда қорғасын оқ ешкімді тыңдаған да, таңдаған да жоқ, Сталинград шайқасы өткен жерлерде кебінсіз көмілген қазақтан басқа дініміз де бір, тіліміз де тамырлас түркі балалары да жатыр. Әр пенде үшін жарық дүниенің, бейбіт күннің қадірін минут сайын санаға себелеп тұрған Мамай қорғаны ескерткіш-кешенінде шіркеумен қатар мұсылман мешіті де болса деген ойды көп ұлтты Ресей жағы да, ондағы әлеумет те ескере қоймапты. Студент кездегі бастамашыл, ширақтығы қалмаған Жақсылық ағамыз осы барғанында ескерткіш-кешендегі музейдің директорына кіріп, өз ойын айтып көріпті.
– «Бұл орайда менің қолымда тұрған ештеңе жоқ, бірақ мешіт салу туралы мәселе көтерілген емес, егер екі елдің басшылары келісім етсе, жүзеге аспайтын шаруа емес ғой» деді мен тілдескен музей қызметкері, – дейді Жақсылық ағай. Оның айтуынша, Волгоград қаласының өзінде де имандылық үйі жоқ көрінеді. Әрине, қалада мешіт сала ма, салмай ма, ол Волгоград жұртшылығының, одан қалды бөтен елдің жергілікті басшылығының шаруасы. Бірақ Мамай қорғаны мемориалдық ескерткіш-кешенінің төңірегіне мешіт болмаса да, мұсылмандықтың белгісін қадап, адамдар тізе бүгіп аруақтарға Құран бағыштайтын орын жасаса, мұны ерлікке тағзым етуге келген кім болса да имандылықтың көрінісі деп білер еді. Бұл мәселеге еліміздің басшылығы, елшіліктер алдағы уақытта назар аударса, осы бағытта тиісті қадам жасаса игілікті іс болатыны сөзсіз.
Жеңіске 75 жыл толса да хабарсыз кеткендер, белгісіз солдаттар әлі бар. Олар батыр болуды емес, Отанды қорғауды мақсат етті. Ұрыс даласында қансырап жатқан қазақ жауынгерінің ойына саяси қуғын-сүргін жылдары ақын, қари Файзолла Сатыбалдыұлы айтқан: «Құлаған бәйтеректей қия-құздан, қош елім, кетіп барам араңыздан. Тілегім үш қайтара сұрайтұғын, ескеріп, тастамаңыз дұғаңыздан» деген сөз келді ме екен... Соғысты көрмей өскен бүгінгі ұрпақтың мұны жүрегі сезсе игі...
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
журналист
ҚОСТАНАЙ