Өңірде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ҰОС қатысқан ардагерлер мен тыл майданында еңбек еткен ардагерлерді ұлықтау шаралары жүріп жатыр, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Қазіргі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 11 ардагер және 900 тыл ардагері бар.
Мереке қарсаңында облыс әкімдігінің қолдауымен барлық ардагерлерге ақшалай материалдық қөмек есеп шоттарына аударылды. Оның ішінде 11 соғыс ардагерінің әрқайсысына 1 миллион теңгеден есеп шоттарына түсті. Сондай-ақ ҰОС мүгедектеріне - 1 млн теңгеден, Тыл еңбеккерлеріне - 40 АЕК - тен; ҰОС мүгедектеріне теңестірілгендерге - 60 АЕК және басқа да санаттағы әскерилерге қосымша қаражат берілді.
Бұдан бөлек, ардагерлердің туған күндері де ескерусіз қалып жатқан жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов Таушық ауылында тұратын ардагер Мәмбетов Ыбрайком және Ақтау қаласының тұрғыны ардагер Сухонос Станислав Трофимовичті облыс әкімі Серікбай Трұмовтың атынан арнайы құттықтап, алғыс хаттарын табыстады.