• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда

447 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде әлемді шарпыған коронавирус індетімен күрес басты мәселе болып отыр. Бұл орайда Жамбыл облысында да тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, әуелі коронавирус індетіне қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Бүгінгі таңда облыста 113 адам коронавирус індетін жұқтырған. Аталған азаматтар біздің өңірге өзге елдерден немесе басқа қалалардан келген. Айтар болсақ, Қырғызстан Республикасы, Ресей, Үндістан елдерінен 26 адам келген және осы науқастармен байланыста болған адамдардан анықталуда. Қазіргі таңда тестілеуден 6700 адам өтті. Олар әлеуметтік маңызы бар мекемелердің қызметкерлері, дәрігерлер, әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері және тағы басқалар. Бұл жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз», дейді Ержан Жылқыбаев. Сонымен қатар, ол өңірге бүгінде «Тенгиз Шеврон» мекемесінде жұмыс істейтін 300 адамның келгенін және өзге де мекемелерде вахталық жұмыста істейтін жамбылдықтардың келіп жатқанын, олардың бәрі жаппай тестілеуден өтуде екенін жеткізді. Жалпы, Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, бүгінде 43 науқас жазылып, ауруханадан шығарылған. Қалған 62 азаматтың жағдайы тұрақты. Карантиннен 1784 адам шыққан. Науқастарды емдеу және оқшаулау үшін 1364 төсек қоры әзірленіп, 984 төсек қолданысқа берілген. Стационарларға жатқызу кезінде циклдік тәртіп қатаң сақталады. Коронавирус індетімен күресу үшін Жамбыл облысы бойынша 770 медицина қызметкері жұмыс атқарады. «Қазіргі таңда ақ халатты абзал жандардың зор еңбектерінің куәсі болып отырмыз. Барша медицина қызметкерлеріне ерен еңбектері үшін алғысымызды білдіреміз. Ел Президенті медицина саласының қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеу бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінгі күнге облыс бойынша 2000 медицина қызметкеріне 190 миллион теңге қаржы бөлініп, төленуде. Бұдан басқа, алдыңғы шепте жүрген сала қызметкерлеріне жағдай жасау үшін екі қонақүйге 132 медицина қызметкерлері орналастырылып, олардың жүріп-тұруына арнайы тасымалдау ұйымдастырылды және таңғы, түскі, кешкі аспен қамтамасыз етілді», деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде облыста медициналық бұйымдар мен қажетті препараттар қоры жеткілікті. Нақты айтсақ, 6 441 дана костюмдер, 157 432 дана бір реттік маскалар, 1 200 вирусқа қарсы препараттар, 5 384 антисептиктер және  дезинфекциялық заттардың (1122425 таблетка, 1862 құты, 3486 литр, 5125 килограмм) қоры бар. Шұғыл шығындарға жалпы 1,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сонымен қатар, қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар мен зертханалық құралдар, жеке қорғаныш құралдары, дәрі-дәрмектер сатып алу, жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып, жүргізілуде. Сондай-ақ, жиында Қордай ауданында қосымша лаборатория жасақталып, соның арқасында анализдердің нәтижесін алу уақыты 6 сағатқа қысқартылғаны айтылды. Қосымша 3 лаборатория ашылып, өңірде барлығы 6 лаборатория жұмыс істеп тұр. Ал, анализдің нәтижесін білу үшін Тараз қаласына келіп-кетудің қажеті жоқ екен. Өз сөзінде Ержан Жылқыбаев Меркі аудандық ауруханасындағы келеңсіздіктер бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарының жүргізілгенін, бас дәрігер, оның орынбасары және бас есепші жұмыстан босатылғаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын айтты. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін басшысы жоқ «Меркі аудандық орталық ауруханасы», «Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы», «Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы», «Қалалық көпбейінді ауруханасы», «Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы» және «Жамбыл аудандық орталық ауруханасы» сияқты 6 мекемеге конкурстық комиссияның шешімімен бас дәрігерлер тағайындалған. Облыс әкімінің орынбасары бүгінгідей сын сағатта дәрігерлерге жүктелетін жұмыстың ауқымды екенін, десек те жаңа тағайындалған бас дәрігерлерден жауапкершілік пен кәсібилікті күтетінін жеткізді.

«Тағы да айта кететін дүние, ол тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауап беру, жылдам әрекет ету, карантин талаптарын түсіндіру мақсатында Тараз қаласында «109 жәрдем, жедел әрекет штабын» құрдық. Тұрғындардың игілігіне тәулігіне 24 сағат қызмет жасап отыр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципі жүйесі аясында қызмет ететін тұрғындар үшін оңтайлы құрал. Төтенше жағдай уақытында мемлекеттік мекемелерден халық дер кезінде әрекет ететін тындырымды тірлікті күтетіні сөзсіз. Бүгінгі күннің талабы да осы. Негізгі міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу. Облыс аумағында орнатылған барлық 48 блок-бекеттердің жұмысы күшейтілді. Барлығы 1000 адам жұмылдырылды. Онда арнайы камера, палаткалар орнатылып, тепловизормен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Өңір тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігін індеттен қорғайтын қалқан осы посттар болып отыр. Ондағы әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз алгоритм талаптарына сай орындау керек», деді Ержан Жылқыбаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Үндеулерінде, мемлекеттік комиссия отырыстарында халықтың әлеуметтік әлеуетіне басты назар аударып келеді. Облыс әкімінің орынбасары осыған орай, өңірде тұрғындарды әлеуметтік қолдау бойынша кешенді түрде көмек көрсетілуде екенін жеткізді. Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған тұлғаларға тағайындалатын 42 500 теңге бірыңғай жиынтық төлемдер төлегендерді қосқанда барлығы 268 882 азаматқа төленген. Тек осы бағытта 11,4 миллиард теңге жұмсалған. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстағы 77 130 адамға құны 5567 теңгені құрайтын 429 миллион теңгенің азық-түлік жиынтығы төленді. Сонымен қатар, облыстық экономикалық тергеу департаменті тарапынан тәркіленген құны 546,5 миллион теңгені құрайтын 530 мың дана киім-кешектер коммуналдық меншікке алынып, мұқтаж және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылатын болады», деді Ержан Жылқыбаев. Бұдан бөлек, Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалымен бірлесе, «BizBirgemiz» қоры қаражатынан Тараз қаласы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек беру жұмыстары жүргізілген. Азаматтар тізімі 7 санат бойынша жасақталып, бүгінгі күнге 16 768 азаматтың есеп шоттарына 50 мың теңгеден аударылған. Барлығы 838 миллион теңге қаражатқа көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, Nur Otan партиясының аймақтағы белсенді мүшелері, жеке кәсіпкерлердің көмегімен 80 миллион теңге көлемінде қаржы жиналып, 3000 отбасы алғашқы кезектегі қажеттіліктегі азық-түлік себеттерімен қамтылған. Облыстың 400 мың тұрғынына 20 миллиард теңгеге жуық әлеуметтік төлемдер төленген. Брифинг барысында мұның бәрі мемлекеттің қолдауы екенін атап өткен Ержан Жылқыбаев бүгінгі таңда халық үшін маңызды ақпараттың бірі – төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу екенін айтты. Коммуналдық қызметтерді өтеу біріншіден 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген азаматтар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасы, ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер сияқты санаттардағы азаматтарға беріледі.

«Коммуналдық қызмет тұтынушылардың дербес есеп шоттарына ай сайын, 2 айға тікелей 15 мың теңге көлемінде шығындар өтеліп тұрады. Жалпы, облыс бойынша осы бағытта 119 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз. CALL орталық құрылды. Осы төтенше жағдай уақытында ең үлкен мәселенің бірі – халықтың табысын арттыру болса, бұл бірінші кезекте нәтижелі жұмыспен қамту арқылы шешілетіні сөзсіз. Мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке тарту бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Облыста аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2020 жылға 17 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 13,0 миллиард, жергілікті бюджеттен 3,8 миллиард теңге. Ағымдағы жылдың 3 айында бағдарламамен 8085 адам қамтылды. Жылдық жоспар 49100 адам, ол 16,5 пайызға орындалды. Республикалық бюджеттен көрсетілген қолдау нәтижесінде облысқа 136 миллиард теңге бөлінді, 30 мың жұмыс орындары ашылады. Соның ішінде жұмыспен қамтудың жол картасы аясында облыста барлығы 831 инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын боламыз», деді әкімнің орынбасары. Сонымен қатар, ол бұл мақсаттағы 690 жобаға 70 миллиард теңге және Қордай ауданы бойынша 141 жобаға 12 миллиард теңге қаржы қаралған. Ағымдағы жылы жоспарланған жобалардың есебінен 20 мыңға жуық жұмыс орындары ашылатын болады. Инфрақұрылымдық жобалар негізгі 4 бағыт бойынша іске асырылады. Әлеуметтік-мәдени нысандарға жататын 181 жобаға 11,1 миллиард теңге қаралып, 3715 жұмыс орындары ашылады. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нысандарына жататын 179 жобаға 24,2 миллиард теңге қаралып, 8092 жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, ол инженерлік-көлік инфрақұрылымдық нысандарына жататын 208 жобаға 16,6 миллиард теңге қаралып, 5531 жұмыс орындары ашылса, елді мекендерді абаттандыру нысандарына жататын 122 жобаға 4,3 миллиард теңге қаралып, оларда 1407 жұмыс орындары ашылатынын мәлімдеді. Бұдан кейін ол мектеп оқушыларының қашықтықтан білім алуына орай қойылған сұраққа жауап берді. Төтенше жағдайға байланысты облыс аумағында барлық 442 орта білім беру мекемелері 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқыту режиміне ауысқанын айта келе, 235 мектепте қолжетімді платформаларда қашықтықтан сабақтар өткізілуде екенін, оған 193200 оқушыы қамтылғанын жеткізді. Сол сияқты биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ардагерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдаудың болып жатқаны туралы сұраққа да жауап берді. «Бүгінгі күнге облыста 58 соғыс ардагері мен соғыс мүгедектері бар. Оларға 9 мамыр Жеңіс күніне 1,0 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Соғыс ардагері мен соғыс мүгедектерімен теңестірілген 2103 адам бар. оларға 100,0 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жалпы, 6814 адамды біржолғы әлеуметтік көмекпен қамту үшін барлығы 501,0 миллион теңге қарастырылды», деді ол.

Брифингті қорытындылаған Ержан Жылқыбаев коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай кезінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен кешенді әлеуметтік қолдау шаралары қабылданғанын, өңірдегі кәсіпкерлермен бірлесе мұқтаж жандарға түрлі көмек көрсетіліп, індетке қарсы сақтық шаралары мен алдын алу жұмыстары жүргізілуде екенін айта келіп, батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзін естен шығармай, көпшілікті карантин талаптарын сақтауға шақырды.

 

Жамбыл облысы