• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Сәуір, 2020

Рухани кемелдену мүмкіндігі

349 рет
көрсетілді

Пандемия, әлбетте, кәсіпкерлікті тоқтатып, жақындарды алыс­татып, экономиканың стагнациясына алып келді. Алайда, бұл бір жағынан, үйде бос отырмай, бұрыннан кейінге қалдырып келген ойларды жүзеге асыруға берілген мүмкіндік. Ол үшін уақытты тиімді жұмсау керек.

Карантин кезінде жастарды уа­қытын тиімді пайдалануға шақы­рып, рухани-мәдени шараларды көп­теп ұйымдастыруға тырысып жатыр­мыз. Аймақ өнерпаздарымен онлайн концерттер өткізу жоспарланған. Еліміздің намысын халықаралық сахналарда қорғап жүрген, «Голос. Дети 2019» байқауының финалисі, «Junior Eurovision-2019» байқауының жүлдегері, Ақжайық өңірінің мақ­танышы Ержан Максим 12 сәуір күні онлайн-концерт беріп, ба­тыс­қазақстандықтарды бір қуант­ты.

Мәдени шаралармен қатар, біліктілікті арттыру курстары да бас­ты назарда. Облыстың тәжірибелі мамандары кеңестерімен бөлісті. Сонымен бірге облыс жастарына мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беру ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде жастардың сұрақ­тарына жауап беріп, мемле­кеттік бағдарламалар туралы­ кеңінен айтылды. Атап айтар­ бол­сақ, жастар тәжірибесі, кә­сіп­­керлік бағдарламалары туралы түсіндіріп, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері, «Сер­пін» бағдарламасымен оқуға түсу мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масының мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.

Күні кеше Ақжайық жаст­ары үшін Рамазан айының маңыз­дылығы мен ерекшелігі туралы Ор­талық мешіттің жастар ісі секто­рының жетекшісі Дүйсенәлі Бейім­бет мырзамен сұхбат өтті.

Жастар түрлі конкурстар мен марафондарға да белсенді араласуда. Хакім Абайдың 175 жылдығына арналған, ұлы ақынның әндерін орындаудан, шығармаларын (поэма, өлең, қара сөз) жатқа оқудан, ақынға арналған өлеңдер бойынша мүшәйра өтіп жатыр. Қатысушылар өз жұмыстарын әлеуметтік же­ліге жүктеп, оқырмандардың таң­дауымен үздіктер анықталмақ. «Үй­де бірге оқимыз!» атты кітап оқу ма­рафоны жүріп жатыр.

Жастардың оқу мәдениетін арттыру, отандық және заманауи авторларды дәріптеу мақсатында өтіп жатқан марафонға қатысушы күніне кемінде 1 сағат кез келген тақырыптағы үздік кітаптар тізіміне енген туындыны оқуы тиіс. Белсенді қатысушылар елеусіз қалмайды. Оларға дайындалған арнайы сыйлықтарымыз бар. Ал кеше Ақжайық жастары музей «аралады». Технология мүмкіндіктерін пайдаланып Алматы облысындағы «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұ­ражайына онлайн экспедиция ұйымдастырдық. Жастар «Алтын адамды» көруге мүмкіндік алды.

Одан бөлек, аймақ психологтары да жастардың психологиялық кө­ңіл күйін бірқалыпты ұстау мақ­сатында түрлі тренингтер өткізеді. «Жас отбасы» клубы әр сейсенбі, бей­сенбі күндері онлайн-консультация өткізіп, жастарды мазалаған мәселелердің шешімін табуға жәр­демдеседі.

Жастар – еліміздің болашағы екенін айтып жүрміз. Ел ертеңі жарқын болуы үшін жастарымыз білімді, саналы болуы керек. Облыстық жастар ресурстық орталығының да басты міндеті – жастарды сапалы өмірге, білімге шақыру.

 

Мейірбек НҰРКЕН,

Батыс Қазақстан облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы