Рүстем Ермекбайдың есімі өз кәсібін өрге дөңгелетіп, тыңнан түрен салған жас кәсіпкер ретінде жұртшылыққа жақсы таныс. Әсіресе, жастар ол негізін қалаған «Sabyrzhanayrin» деген атпен белгілі отандық киім брендін жылы қабылдады. Он сегіз жасында тарихи отанына оралған қандасымыз орда бұзар отызында білдей холдингтің тізгінін ұстап, алпыс азаматты жұмыспен қамтып отыр. Қатарластарына үздік үлгі көрсеткен Рүстем былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.
Біз ауыз толтырып айтып отырған толағай табыстардың тасасында таудай талаптан бөлек, талмай еңбектену мен табанды ізденіс жатыр. «Мақсат жолында тынымсыз тер төкпесем, жетістікке жете алмаған болар едім» деген болашақ бизнесменнің басынан ешкім сипай қойған жоқ. Қарапайым отбасында тәрбиеленген талапты ұлдың тілегін қолдағанымен, ата-анасы мен туыстарында бизнес бастауға деп бере қоятындай қаржы да болмаған. Бала жасынан бейнетпен белдесіп, қара жұмыстың шарығында қайралған Рүстемнің өз сөзімен айтқанда, кәсібін «нөлден» бастапты. Бүгінгі қиындықтарды еңсеру, болашақ игіліктердің басы екенін жіті сезінген мақсаткер жанның алдынан көлденеңдеп кездескен кедергілер де аз болмаған.
Қалай да арманға құрық салу керек. Қағылез жігітті қияға жетелеген де осы сенім. Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында магистрлік білім алып, беделді компанияға жұмысқа тұрды. «Жалақым жаман болған жоқ. Алайда, осы компанияда жұмыс істей берсем, алдағы 10 жылда қандай деңгейге жететінім туралы ойландым. Мүмкін бір бөлімнің жетекшісі болар ма едім? Бірақ менің арманым алыста еді. Қалай да өз ісімді ашуым керек деген ой бір сәтке де тыным бермеді. Абай сөзімен айтқанда: «Еңбектенгенді Құдай да құр тастамайды». Бұл мақсатыма да жеткізді», – деген Рүстем үш айдың ішінде ағылшын тілін сауатты меңгеріп, 2013 жылы өзі ойлап тапқан авторлық әдістемесінің негізінде ағылшын тілін үйрететін курс ашты.
– Сайт ашып, ағылшын тілі курсына адам қабылдау үшін алғашқы тегін шеберлік сағатын өткізетінім туралы хабарладым. Кеңсені жалға алу, жиналысты ұйымдастыру үшін шамамен 15 мың теңге қаражат кетті. Алғашқы тегін сабаққа 60-қа жуық адам келді. Оларға өзім қолданған тіл үйрену әдісін түсіндіріп, бір аптадан соң курс басталатынын, алдын ала төлем жасайтындарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылатынын айттым. Келушілердің жартысы алдын ала төлемге ақша қалдырды. Жиналған қаражатқа бір аптаның ішінде сабақ өткізетін кеңсе жалдап, оқулықтар мен керек-жабдықтарды алып үлгердім. Келушілердің саны күн санап арта берді. Тіл үйрететін тағы да бір нүкте аштым, – дейді кейіпкеріміз.
Араға жеті ай салып бар-жоғы 15 мың теңгемен бастаған дайын бизнесін 33 мың долларға саудалапты. Оған себеп – өзіне жоғары талап қоя білетін Рүстем бұдан да табысты кәсіпке көшуді көздеген.
Осылайша, ол отандық жеңіл өнеркәсіп саласын өркендете жүріп, өзінің жеке киім брендін қалыптастырды. Ізденімпаз кәсіпкердің тың бастамасы жеміс беріп, үш жылдың ішінде еліміздің 14 қаласында 22 дүкен желісі мен Алматы қаласында үш тігін фабрикасы жұмысын бастады.
Бүгінде «Sabyrzhanayrin» өнімдері өрісін кеңейтіп отыр. Сапалы киімдерге тапсырыс беретін тұтынушылардың қатарында өз елімізден бөлек АҚШ, Қытай, Еуропа елдері, Мысыр, Ресей секілді алпауыт мемлекеттердің өкілдері бар. 2016 жылы қазақстандық кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша «Sabyrzhanayrin» «Сала Көшбасшысы 2016» сыйлығын иеленгенін білеміз. Қазір де Рүстем Ермекбай мемлекеттік қолдаумен дамып жатқан «Atameken Academy» және «Jas kásipker» бағдарламаларында белсенді спикерлердің бірі. Сонымен қатар өзі басқарып отырған Ayrin Online ЖСШ IT-жобасында 1200-ден астам отандасымызды дайын бизнеспен қамтамасыз етіп отыр. Іскер азаматтың мақсаты – жеке бизнесімен айналысқысы келетін әрбір жанға әлемдік Uber, AirBnB секілді онлайн- платформа арқылы мүмкіндік беріп, Қазақстанның шағын және орта бизнесіне қолдау көрсету.
– Маған әр күн сайын әртүрлі адамдардан «шағын бизнесім бар, бірақ қалай дамытарымды білмеймін», «дипломым бар, жұмысым жоқ» деген сынды хабарламалар көп келіп жатады. Осы тұрғыда менің жауабым: бойыңдағы қабілеттерді дамытып, оларды табыс көзіне айналдыра білсең, қосымша білім алып өзіңді жетілдірсең, жұмыссыз қалмайсың. Ең бастысы, өз өміріңе жауапкершілік тек өзіңде екенін түсіне білуің керек. Шағын бизнесті дамытудың қарапайым болса да көпшілік мән бермейтін қағидалары бар. Мен оны Асан мен Үсен есімді кейіпкерлер арқылы түсіндіріп көрейін. Асан да, Үсен де енді ғана оқу бітірген, бойлары энергияға толы, бірақ жұмыссыз, «бірдеңе бастау керек» деп жүрген жас жігіттер. Қанша іс бастағысы келгенімен түсініксіз себептер, түрлі сылтаулар мақсатына кірісуге кедергісін тигізеді. Бір нәрсе ұстап тұрған сияқты көрінеді, бірақ сол арада екеуінде екі түрлі түсінік қалыптасады. Асан бір жерде тұралап тұрғанын қабілеті жетіспейтіндігінен, өзінен көрсе, Үсен таныстарсыз іс тынбайтынын алға тартып, өз кемшілігін мемлекеттен, не басқадан іздейді. Асан қателіктерін түсініп, түзеу үшін кәсіптің әртүрлі салалары бойынша танымын жетілдіреді. Өнім, дизайн, маркетинг, сату, қаржы, заң, таргет, тіпті қарапайым келіссөздер жүргізуден бастап, адамдармен қарым-қатынас жасау тетігіне дейін меңгереді. Алғашқы офлайн дүкенін кейіннен онлайнға айналдырып, тоқтамай өзін дамытып, табыс тауып, мақсатына ұмтылады. Шетелдерге барып, жаңа көзқарас қалыптастырып, өз еліне келіп енгізе бастайды. Ал дәл сол уақытта бұрынғы Үсен, әлі сол қалпы өзінің өмірін үкіметке, қоршаған ортасына табыстап әрі соларды кінәлап, өзі қаламайтын жұмыста аз айлыққа жұмыс істеп жүреді. Бұл жай ғана шындыққа жанастырылған мысал болғанымен, өмірде де солай. Осы қарапайым алгоритмді түсініп, әрі қарай өз өміріңді қолға алып әрекет етсең, сөзсіз табысқа жетесің. Ең бастысы өзіңнің біліміңді арттырып, қабілетіңді көтеруің керек. Көп жыл өзге елде тұрған азамат ретінде туған халқыма деген махаббатты жақсы түсінемін. Біз өз кәсібімізді дөңгелете жүріп, ұлтымыздың мәйекті мәдениетін дәріптеуге тиіспіз, – дейді Рүстем Ермекбай.
Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында жеңіл өнеркәсіпті өрге сүйреудің маңызы зор. Көңілімізге медет сыйлаған бір нәрсе, Рүстем қалыптастырған отандық өнімдерде ұлттық болмысымыздың исі бұрқырайды. Өзге елден өзім деп келген қандасымыз қазақы құндылықтардың қайнарынан қанып ішіпті. Ол тіккен киімдерде Абай, Шәкәрім, Махамбет секілді ұлы тұлғалардың бейнесі бедерленіп, қасиет-қалыбымыздан сыр шертетін ою-өрнектеріміз үйлесімді көрініс тапқан. Мұндай ерекше киімдерге туристер тарапынан да сұраныс жоғары көрінеді. Кәделі кәсібін ұлтымызды танытуға ұластырып жүрген бауырымыздың ісі берекелі болғай!
АЛМАТЫ