• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2020

Қызылорда: Онлайн-слетте орынды ұсыныстар айтылды

188 рет
көрсетілді

Қызылордада «Болашақ» университетінің ұйымдастыруымен педагог-ғалымдардың ІІІ республикалық онлайн-слеті өтіп жатыр. Қатысушылар екі күн бойы төтенше жағдай кезінде білім беруді ұйымдастыру мәселелері төңірегінде идеяларымен бөлісуде.

Пікір алмасу алаңының алғашқы күнінде Қызылорда Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесіндегі қашықтан оқытуды енгізу тәжірибесі туралы айтты. Тыңдаушылар назарына оқушыларға онлайн режимінде оқуға қолайлы жағдай жасау үшін атқарылған жұмыстар таныстырылды. Оның ішінде бірқатар елдер бойынша білім беру жүйесін зерттеу нәтижелері, оқу жоспарларын әзірлеу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары, оқушылар мен ата-аналарға кеңес беру, ыңғайлы сабақ кестесін құру, онлайн сабақтар өткізу, білім беруді бақылау және оқудағы олқылықтарды болдырмау бағытында жүргізілген жұмыстарды көрсетті. Сондай-ақ, Зияткерлік мектептердің онлайн режимінде сәтті пайдаланылатын Teams бағдарламасы мен басқа да цифрлық ресурстардың мүмкіндіктерін таныстырды.

- Бүгінде елімізде ақпараттық технологияны дамыту өте маңызды. Бұл әр түрлі әлеуметтік деңгейдегі балалардың тең білім алуына мүмкіндік береді және ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жақындата түседі, – дейді Бақыт Жұматай.

Слет барысында қатысушылар Зияткерлік мектептердің қазіргі білім беруді түрлендірудегі маңыздылығын атап өтті. НЗМ тәжірибесі бүгінде еліміздің көптеген орта және жоғары оқу орындарында қолданылады.