Ішкі істер министрлігі бейнеоконференц-байланыс режимінде төтенше жағдай кезінде көзге түскен қызметкерлерді ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімін өткізді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Министрдің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен Қызылордадан 3 полиция қызметкері марапатталып отыр.
Сәуір айының алғашқы күні қызмет барысында жүрген қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері облыс орталығындағы үйлердің бірінен терезеден балалардың беттерін тұмшалап алып, далаға қарап тұрғандарын байқап қалады. Полиция капитаны Әлімжан Әлімбетов пен полиция аға лейтенанты Бейбарыс Қалымбетов өртке орана бастаған үйден 4 баланы сыртқа алып шығады. Балаларды көрші үйдің иесіне тапсырып, жалынды сөндіреді.
Ал екінші оқиға 19 сәуір күні орын алды. Қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының инспекторы полиция лейтенанты Нұрлан Қарлыбаев және ҚР ІІМ-нің №5547 Ұлттық Ұлан сарбаздары қатардағы Кирилл Лосицкий мен Нияз Дәулет қызмет атқару барысында Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдің 2 қабатындағы балконнан қалың түтінді байқайды. Олар шұғыл қызметке хабарлап, көмек жеткенше дереу пәтерге кіріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарады. Полиция қызметкерлері мен сарбаздардың жедел шешім қабылдауының арқасында өрт салдарынан зардап шеккендер болған жоқ.
Министр Ерлан Тұрғымбаев ІІМ қызметкерлерінің төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі еңбегін Мемлекет басшысы жоғары бағалағанын, карантиндік іс-шараларға атсалысқан барлық қызметкерлер мен әскери қызметшілерге лауазымдық жалақы мөлшерінде сыйақы берілгенін атап өтті.