Қиын сәтте қысылғанға қолдау көрсету қоғамға ортақ парыз. Төтенше жағдай жарияланып, карантин күшіне енгелі бері Алматыда қайырымдылық шаралары үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Мұндай игі іске тек кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар ғана емес, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар да ауқымды үлес қосып жатыр.
Мәселен Алматы қаласына қарасты Жетісу ауданы Полиция басқармасының өкілдері ювеналды полиция қызметкерлерін тағайындады. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік үлестіру шарасын қолға алды.
– Біздің инспекторлар азық-түлік себеттерін өз күштерімен тасыды. Күнкөрісі төмен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті түрінде көмек көрсету туралы көптеген қоңыраулар, хабарламалар үздіксіз келіп жатыр. Біз әріптестерімізбен бірге азық-түліктер мен қажетті заттар салынған сөмкелерді жинадық. Өткен күні екі отбасыға қонаққа бардық, олардың бірі – аз қамтылған, екіншісі – көпбалалы, онда үштен алты балаға дейін тәрбиеленуде. Ел басына қиын сәт туғанда жақсылық жасаудан шет қалғымыз келген жоқ, – дейді Жетісу аудандық Полиция басқармасының басшысы Дархан Мұсанов.