Бүгінгі кезекті брифингте Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин 30 сәуірдегі кешкі эпидемиологиялық жағдай бойынша КВИ жұқтырған жандардың саны қалада 1028-ге жеткенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Бас санитарлық дәрігер бейсенбі күнгі соңғы мәлімет бойынша қалада 366 инфекция ошағы бар екендігін атады. Оның ішінде белсенді болып тұрған 151-інде 14 күн бойы дезинфекция күнде жасалса, басқа ошақтарда тек кіреберістерді, ал жекеменшік үйлерді апта сайын 2 рет зарарсыздандырады.
Барлық ошақтар бойынша байланыста болған 14 541 тұлға анықталды. Оның ішінде жақын қатынаста болған 1468 адам провизорлық клиникада жатса, үй карантинінде 9160 адам болса, 2655 адам үй карантинінен шықты.
Сонымен қатар Алматыда коронавирусты анықтау үшін осы уақытқа дейін 46 мың тест алынып, зертханада талдау жасалған. «Қазіргі уақытта күніне 2 мыңдай тест жүргізіліп отыр. Бұл көрсеткішті 2,5-3 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Сынамалардың нәтижесі бір күн ішінде дайын болады. Осы аралықта 11 мыңдай медицина қызметкерінен тест алынды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің коронавирусты жұқтырып алмауына бағытталған ережелер мен талаптар да күшейтіліп отыр», – деді Жандарбек Бекшин.
Алматыдағы ірі 6 зертханада ПТР диагностикасы жасалады.