• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Мамыр, 2020

Алла ризашылығы деген не?

2361 рет
көрсетілді

Ерте заманда елдің шетінде, жел­дің өтінде, айшылық алыс жолдың бойында шағын ауыл өмір сүріпті. Ауылдың азаматтары арқалы да, қыздары ай маңдайлы ару екен.

Күндердің күнінде ауылдың шетіне жын-шайтанмен шатыс арам пиғылды дию келіп қоныпты. Дию күнде келіп ауылдың мал-мүлкін тартып алып жеп кетеді. Ауыл ақсақалдары қатты дағдарып, не істерін білмей қиналады.

Сол сәтте, бір жігіт ортаға шығып: «Қадірлі халайық, береке-бірлігіміз бұзылмаған ел едік, ел шетіне жын қонып, шаңырағымыз шайқала бастады. Егер де, ақсақалдар батасын беріп Жаратушы Ием қолдаса, мен «Алла­ның ризашылығы үшін» жын-диюмен шайқасайын» дейді.

Халықтың бәрі жиналып Құдайдан медет тілеп жігітті аттандырады. Жігіт келген бойда «Аллаһакбар» деп диюдың жағасынан ала кетеді. Күні бойы күресіп, түс ауғанда жын-дию әлсірей бастайды. Жігіт оны қылқындырып, аузынан ақ көбігін ағызады.

Дию айтады: «Сен мені жеңдің, құлың болайын өлтірме?». Жігіт оны босатады. Сол күннен бастап әлгі пәле ауылдың ала жібін аттамайтын болып, күн сайын жігітке 20 ділдә беріп тұратын шарт орнайды.

Осылай өмір өтіп жатады. Жігіт дию берген ақшаларды жинап байып кетеді. Арада бір жылдай уақыт өтеді. Бір күні жігіт таңертең оянып жастығының астына қолын созса, күнде әкеліп тастайтын 20 ділдә жоқ.

Ашуланған жігіт атып тұрып диюға жетіп келіп: «Ей, албасты, ділдә қайда?» дейді. Анау болса «енді бермеймін!» деп қарсы шығады. Жігіт атынан секіріп түсіп екеуі ұстаса кетеді. Бұл жолы ана дию жігітті екі бүктеп астына салып алады. Алқымын сығып, жанын мұрнының ұшына әкеледі.

Жігіт аң-таң болып жеңілгенін мойын­дайды. Жын: «Сен ауылыңды бас­тап мына шұрайлы жерден көшіп, көз көрмейтін алысқа кет. Әйтпесе, бәріңді құртамын!» дейді.

Жігіт оның шартына амалсыз келісе отырып, былай дейді: «Өткенде мен сені жеңіп едім ғой, бұл жолы қалайша сен жеңіп кеттің?». Сонда дию: «Өткенде сен «Алланың ризашылығы үшін» деп айқастың, Алла саған шын риза болып, күш-қуат сыйлады. Бұл жолы ділдә үшін нақтырақ айтқанда, дүние үшін менімен күрестің. Сенің жеңілген себебің осы!» депті.