• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Мамыр, 2020

Дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құрады

395 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында «алдымен экономика, одан кейін саясат» қағидасын ұстанған мемлекетіміз адамзат үшін сын – індет мерзімінде өз халқының денсаулығын сақтау мәселесін экономикадан да, саясаттан да жоғары тұратындығын мызғымас қағидат ретінде ұстанып отыр.

Міне, осындай кезеңде Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың мәлімдемесі жарияланды. Президент бүгінде әрбір қазақ­стандықты толғандыратын бар­лық сауалға толыққанды әрі нақ­ты жауап берді. Ең алдымен төтен­ше жағдай режімін осы жыл­дың 11 мамырына дейін созу шешімі қа­был­данды. Бұл орын алып отырған қазіргі қиындықтардан туындаған жайт. Өкінішке қарай індеттің шарық­тау шегі әлі өткен жоқ. Сондық­тан карантиндік шараларды алып тастауға болмайды.

Ресми билік тарапынан дер кезінде шынайы ақпарат халыққа жедел жеткізілуде. Дегенмен, карантин жағдайындағы халықтың эмоциялық жай-күйіне айла-шарғы жасап отырған түрлі бағыттағы топтар мен мүдделердің конгломераты байқалады. Оларды қазіргі таңда біріктіріп отырған мәселе – билікті сынау және саяси жаңғыру жолындағы реформаларды жоққа шығару. Сондықтан Президент бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырып отыр.

Қазір әлем елдері қауіпті індеттің экономикаға, халықтың әлеуметтік жағдайына тигізген әсерін ескеріп, көптеген іс-шараны қолға алуда. Президент «ешкімді қиын жағдайда қалдырмаймыз» деп айтқандай, әр адам, әр қазақстандық, әр отбасы ұмыт қалған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп атап, негізгі үш ұстанымын жариялаған бола­тын. Мемлекет басшысының елдің әлеу­меттік жағдайын көтеруге, түрлі саланы қолдауға бағыт­тал­ған бірқатар кешенді тапсыр­ма­лар жүктеуінің өзі осы бағдар­ла­маның ел азаматтарының сұра­ны­сына негізделген, барлық буын өкілдерінің жаңа сапалы өмір сүру деңгейіне жету үшін құралғанын деп білеміз. Соның бірі табысынан айырылған азаматтарға ең тө­менгі жалақы мөлшерінде қол­дау көрсетілгенін айтуға болады. Өтініштерді қабылдау әлі де жал­ғасуда. Ең төменгі айлық көрсет­кіштегі 42 500 теңгелік әлеуметтік көмек берілуі олардың тығырықтан шығуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоғамдық қорынан ха­лық­тың әлжуаз топтарына кіретін азаматтарға 50 мың теңгеден тара­туға шешім қабылданды. Ең ма­ңыз­дысы, еліміздегі атымтай азамат­тардың қаржылай қамқорлығы елдің береке-бірлігін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей.

Шағын және орта кәсіптің дамуы елде жұмыссыздықты болдыр­маудың бірден-бір кепілі. Бұған дейін шағын және орта кәсіп иелерінің 1 маусымға дейін салықтан босатылатыны туралы айтылған болатын. Енді Президентіміз бұл мерзімнің 1 қазанға дейін ұзартылатынын жеткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жағдайдан көбірек зардап шеккен бизнес өкілдерін салықты төлеуден ғана емес, салық­тың есептелуінен де босату қарас­тырылып жатқанын мәлімдеді. Осы­ның бәрі сайып келгенде Үкіметтің және жедел құрылған мемлекеттік комиссиямен арнайы түзілген жол картасы бойынша атқарылып жатқан шаралардың дұрыс бағытта өрбігенін көрсетеді.

Қазақстан Президентінің мәлі­ме­тінше, көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд теңге бөлінді. Соның 70 млрд теңгесі тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Сол сияқты егін егумен айналысатын шаруа қожалықтарына жанар-жағармай 15 пайыздық жеңілдікпен берілмек. Ал мұның өзі «Көктемнің әр күні жылға азық» дегенді қаперге ұстайтын шаруа адамын алда қарбалас шаруа күтіп тұрғанын тағы бір еске салғандай. Осының барлығы бизнесмендер мен халықтың әл-ауқатын көтеру үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан зор қолдау деп есептейміз.

Қазір төтенше жағдайға байланысты университеттер мен мектептер қашықтан оқыту технологиясына көшуде. Онлайн оқыту – білім беру жүйесінің ғаламдық жаңа беталысы, оны әлемнің алдыңғы қатарлы көптеген оқу орны дәйекті түрде жүзеге асырып ке­леді. Сол арқылы көптеген азамат үйлерінде отырып, алдыңғы қатар­лы университеттердің сабақты қалай ұйымдастыратынын, лекцияны қалай оқитынын, сабақты қалай жүргізетінін көріп, ой-өрістерін кеңейтіп жатыр. Бұл жалпы каран­тин­дік жағдай қазақстандық универ­ситеттер үшін сынақтан өтудің де әрі осы бағыттағы жетістік­терді көрсетудің де жақсы мүмкін­дігі болуға тиіс. Ендеше, эволю­ция­лық даму қағидасы әрбір қазақ­стан­дықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.

Президент XXI ғасырды постин­дус­триялық-ақпараттық кезең еке­нін еске сала отырып, ғылым мен білім­нің аналиткалық жолмен қарыш­тау уақыты екенін еске салатын дүние жүзін жайлаған вирусты ауыз­дықтайтын ғылыми мәліметтер мен ғылыми болжамдардың қажеттілігін айтты.

Президенттің мәлімдемесін қол­дай отырып, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдары ДДҰ-ның жалпы ережелеріне сәйкес ГОСТ Р 58151. 21-2018 антисептиктер мен зарар­сыздандыру сұйықтықтарын зерт­ха­наларда дайындап, қалалық зарарсыздандыру мекемелеріне ұсын­ды. Ғалымдарымыз туында­ған ахуалға байланысты универ­си­теттің материалдық-техникалық база­сындағы зертханалар мен ғы­лы­ми орталықтарында иммунобио­логиялық препараттарды, био­ло­гиялық белсенді заттар мен қос­­па­­ларды, шөптік препараттарды әзірлеу үшін қосылыстар мен зат­тарды зерттеуге кірісті. Универси­тет ғылымның бұл саласына басым-бағыттар беруде.

Қай уақытта болсын індеттің ал­дын алудың бірден-бір жолы – саламатты өмір салты. Бұл орайда әр адам өз денсаулығына дұрыс мән беріп, денсаулығын күту мәдениетін қалыптастыруға назар аударғаны жөн. Өйткені адам капиталының сапасы мен саны оның денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Яғни дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құра алады.

 

Дария Қожамжарова,

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры,       

тарих ғылымдарының докторы, профессор