Кеше Парламент Сенатында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай республикалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, астаналық соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу болды.
Мерейтойға байланысты бірінші рет өткізіліп отырған бұл шараны Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, сөз сөйледі. Өзінің сөзін жиналған ардагерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтаудан бастаған Төраға одан әрі бұл мереке – Отан қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісін еске түсіретін адамзат тарихындағы ең айтулы күндердің бірі. Біз ар мен намысты ту еткен батырлардың рухы алдында тағзым етеміз. Қан майданда от кешкендерге алғысымызды білдіре отырып, басымызды иеміз. Сіздер ел басына күн туғанда жауынгерлік ерлік пен елдіктің өнегесін көрсеттіңіздер, адам төзгісіз қиыншылықтарды жеңе отырып, елдің тірегіне айналдыңыздар. Жеңімпаз ұрпақтың даңқты ерлігі жасымас жігердің, ұлы рухтың, Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы біздің халқымыздың рухани бірлігінің үлгісі болып қала береді. Ал бүгінгі ұрпақтың парызы – осы Ұлы Жеңістің маңызы мен мәнін қастерлей білу, батырлардың биік тұлғаларын уақыт өткен сайын асқақтатып, есімдерін жүректе сақтау. Оларға деген құрмет тарихқа, ата-баба рухына деген құрмет, деді. Сонымен қатар ол 1 млн. 700 мың отандастарымыз адамзат тарихында теңдесі болмаған соғыстың барлық майдандарына да қатысып, ерліктің ерен үлгілерін көрсеткенін айтты. Бес жүзге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды, жүз мыңдаған әкелеріміз бен аталарымыз орден-медалдармен наградталды. Солардың арасында өзінің қолбасшылық дарыны мен ғажайып ерлігінің арқасында Бауыржан Момышұлының, панфиловшы-батырлардың, пулеметші Мәншүк Мәметованың, мергендер Әлия Молдағұлова мен Ыбырайым Сүлейменовтің, ұшқыштар Талғат Бигелдинов пен Сергей Луганскийлердің және басқалардың есімдері біздің еліміздің атағын аспанға шығарды дей келіп, 1418 күнге созылған соғыс күн сайын 20 мыңға жуық адамның өмірін қиып отырғанын еске салды. Сондықтан да Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи маңызын төмендетіп, оның қорытындыларын қайта қарау қажет деп жүрген кейбір саясаткерлер мен ғалымдарға өзіміздің қарсы пікірімізді білдіруіміз керек. Меніңше фашизмді жер бетінен құртқан Ұлы Жеңістің мәні мен маңызын еш төмендетуге болмайды, деді ол.
Одан әрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ұлы мерекеге орай көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқанын ауызға алды. Президент өзінің жыл сайынғы Жолдауында бұл іске арнайы көңіл бөліп, ардагерлердің тұрмыс-жағдайын жақсарту үшін нақты тапсырмалар беріп отырады, деді. Сөзінің соңында ардагерлерді тағы да құттықтап, оларға денсаулық пен ұрпақ қызығына кенеліп, ұзақ өмір тілейтінін жеткізді.
Жиынға ардагерлермен қатар “Нұр Отан” ХДП хатшысы С.Громов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова, Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Сүлейменов және бір топ сенаторлар қатысты. Төраға сөзінен кейін кездесуді оның ұйытқысы болған Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ахан Бижанов жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөзді ол “Нұр Отан” ХДП хатшысы С.Громовқа берді. Ол партияның атынан ардагерлерді құттықтап, өз тараптарынан болатын ұлықтау шараларына шолу жасап өтті. Біздің қатарымызда бүгінгі күні 50 мыңнан артық 60 жастан асқан адамдар бар, біз олардың ақылдары мен тәжірибелерін жоғары бағалап, қолданып отырамыз, деді ол. Одан кейін сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова Үкімет тарапынан ардагерлерге жасалатын құрметтерді санамалап беріп, сосын өз тарапынан министрлік қызметкерлерінің бір күнгі еңбекақысын олардың қорына аударатынын жеткізді. Қорғаныс министрлігі саласындағы ардагерлердің қалай құрметтеліп, Жеңіс күні мерекесінің қойылымы қалай болатындығы жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембинов баяндады. Өз кезегінде сөз алған соғыс ардагерлері Қаматай Тоқабаев пен Леонид Картаузов көрсетіліп жатқан құрметке алғыстарын жеткізді. Ал республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов кейбір проблемаларды да атап өтіп, олардың қалай шешіліп жатқанына тоқталды. Соның ішінде ардагерлер үшін облыс орталықтарында арнаулы үйлердің ашылатынын қуанышпен жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ.