• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Бокс 04 Мамыр, 2020

Қарт құрлық та қазақтарды жақсы біледі

1567 рет
көрсетілді

Осыдан дәл 95 жыл бұрын, яғни 1925 жылдың 5-7 мамыры күндері Швецияның астанасы – Стокгольмде бокстан ерлер арасындағы Еуропа чемпионатының тұсауы кесілді. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыста 10 елден келген 46 былғары қолғап шебері бақ сынады. Жалпы есепте алты жүлде (3 алтын+2 күміс+1 қола) алған ринг қожайындары көш бастаса, одан кейінгі орындарға Англия (2+3+0), Дания (2+1+2) Франция (1+0+0) және Германия (1+0+0) құрамалары жайғасты.

Сол 95 жыл уақыт ара­лы­ғында аталған жарыстың жалауы 45 мәрте желбіреп, сан миллион жанкүйер талай «жан алысып, жан беріскен» жекпе-жектердің куәсі болды. Сөз орайы келгенде айта ке­тейік, қарт құрлықтың басты додасына біз бекер тоқталып отырған жоқпыз. Кезін­де Қазақстан КСРО-ның құрамында болған кезде біздің біраз жуан жұ­ды­­рықты жігіттеріміз Еуропа чем­­пионаттарында күш сынас­ты. Кейбіреуінің асығы алшы­сынан түсті, кейбіреуі елге ең­селері түсіп оралды. Бүгінгі ма­­­қаламызда біз сол байрақты бә­секеде бақ сынаған отандастарымыз жайында әңгімелегіміз келеді.

Кезінде Қазақстанның көп­теген мықты боксшылары аса ірі халықаралық жарыс­тар­­дан шет қалғанын егде тарт­қан жанкүйерлер жақсы біледі. Кеңес Одағының со­ла­­қ­ай сая­сатының салдарынан талай жақсыларымыз бен жай­саңдарымызға айтулы додада бақ сынау бақыты бұйырмады. Тек жетпісінші жылдардың со­ңында ғана жерлестерімізге Еу­­ропа чемпионатында өнер көр­сету мүм­кін­дігі туды.

1979 жылы Германияның Кельн қала­сын­да 23-мәрте ұй­ым­дастырылған құрлық бірін­шілігіне Қазақстанның екі боксшысы қаты­сып, екеуі де алтын тұғырға көтерілді. Атап айтсақ, 60 кило салмақтағы Вик­­­­тор Демьяненко жартылай фи­налда ГДР өкілі Рихард Но­ваковский мен ГФР-дың мық­тысы Рене Веллерден басым түссе, 63,5 кило сал­мақтағы Се­­­рік Қонақбаев ше­шуші тұста неміс Карл-Хайнц Крюгер мен ита­­лиялық Патрицио Оливаны қапы қалдырды.

1981 жылғы жарысты Фин­ляндияның Тампере қаласы қабылдады. Суоми еліне ат­тан­ған Серік Қонақбаев екінші мәрте Еу­ропа чемпионы атанды. Бұл жолы қанда­сымыз 63,5 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық айқаста ол өзінің сыралғы қарсыласы Карл-Хайнц Крюгерді тағы да жер сипатып кетті. 57 кило салмақта сынға түскен Серік Нұр­қазов қола медальді мойны­на ілді. Аса шиеленісті өткен жар­тылай финалдық бәсекеде қа­зақ боксшысы Рихард Нова­ков­скийге есе жіберді.

Қазақ боксының мықты­лығын түбе­гейлі мойындаған КСРО құрамасының бапкерлері 1983 жылы Болгарияның Вар­насында жалауы желбіреген жарысқа бес жерлесімізді апар­­ды. Олардың барлығы да же­ңіс тұғырынан қол бұлғады. Финалда ринг қожайыны Пла­мен Камуровты жеңген Серік Нұрқазов (57 кило) бас жүлдені олжаласа, Бейбіт Есжанов (48 кило), Рашид Кабиров (51 кило), Виктор Демьяненко (60 кило) және Александр Мирошниченко (+91 кило) қолаға қол созды.

1985 жылғы байрақты бә­секе Будапештте өтті. Ма­жар­станның бас шаһарына са­пар шеккен Қазақстанның жалғыз өрені Кәрім­жан Әбді­рахманов (48 кило) қола ме­дальді еншіледі. Бастапқы бәсекелерде Финл­яндия мен Ру­мынияның өкілін ұтқан оның жартылай финалда неміс жігіті Рене Брайтбартқа әлі жетпеді.

1987 жылы Туриндегі (Ита­лия) жарысқа Қазақстаннан ешкім бармады. 1989 жылы Афинаға Игорь Ружников (63,5 кило) пен Алек­сандр Ми­­рош­­ниченко (+91 кило) ат­танды. Алғашқысы алтын алса, екіншісі қола медаль­ді иемденді. 1991 жылы Сиднейде Бо­лат Теміров (51 кило) бақ сынады. Бірақ ши­рек финалда мажарстандық Иштван Ковач­қа жол берген қандасымыз жүл­дегерлер са­натына қосыла ал­мады.

Осылайша, Еуропа чемпионатында күш сынасқан қазақ­стандықтар арасынан бір ғана боксшымыздың жүлдеге қол жеткізе алма­ғанын байқаймыз. Қалғандарының барлығы да жеңіс тұғырына көтерілді. Тар­қатып айтсақ, отандастарымыз 5 алтын және 7 күміс медаль олжалаған екен. Барлығы – 12 жүлде!

КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан құрамасы Азия бірін­шілігіне қатыса бас­тады. Бұл ретте отандық былғары қолғап ше­бер­леріміз өздерінің мықтылығын түбе­гейлі мойын­датып, сары құрлықтағы ең белді коман­далардың бірі әрі бірегейіне айналды. Жалпы есепте де жерлестеріміздің сан мәрте топ жарғанын жан­кү­йер­лер жақ­сы біледі. Десек те қазақтың жуан жұдырықты жігіттерінің та­бысы осымен ғана шектеліп қалған жоқ. 1993 жылы Бурсада өткен Еуро­па чемпионатында Түркияның туы астында өнер көрсеткен қандасымыз Нұрхан Сүлей­­менұлы бас жүлдені олжаласа, 1996 және 1998 жылдары ол күміс медальді кеудесінде жар­қыратты.