Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстағы ахуалды баяндады.
-Облыста коронавирустық инфекция жұқтырған 214 жағдай тіркелген. Соңғы тәулікте жаңадан науқас анықталған жоқ, – деді басқарма басшысы.
Өңірдегі COVID-19 індетін жұқтырған 214 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны 3242-ге жеткен. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны 1746, потенциалды байланыста болғандар 1496 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.
Сондай-ақ басқарма басшысы облысымызда бүгіннен бастап карантин талаптарын жеңілдетудің келесі кезеңі басталғанын мәлімдеді. Бұл тұрғындар арасындағы қарым-қатынас арта түседі деген сөз. Сондықтан, карантин талаптарын сақтап, қоғамдық орындар мен жұмыста, отбасында жұғуға жол бермеуге баса назар аударған жөн.