Еліміздегі ерекше экономикалық жағдай өңірлерде жаңа бастамаларды жүзеге асыруды қажет етеді. Жергілікті жерде жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешіп, әл-ауқатын арттыруға баса мән берілуі керек.
Әрине, бұл үшін ең алдымен кәсіпкерлік саласы жандануы тиіс. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында тіркелген 3 206 кәсіпкерлік нысанының 90,5 пайызы жұмыс істеп тұр. Өңірдің негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан қазір мұнда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріліп отыр.
Қазір ауданда егінмен қатар төрт түлікті түлетіп отырғандар да көп. Осының арқасында сала табысы мал шаруашылығы өнімдерінің есебінен артуы байқалады.
Биыл қармақшылық диқандар 22920 гектарға егіс егуді жоспарласа, соның 13170 гектары күріш. Бидай 667, арпа 150, мақсары 352, соя көлемі 170 гектар болмақ. Мал азығындық дақылдар 6900, жүгері 200 гектарға егіледі. Қазір бидай, арпа, мақсары, жоңышқа егу толық аяқталды. Одан бөлек Т.Көмекбаев ауылдық округінде насос көмегімен суарылатын 5 гектар, Алдашбай ахун ауылдық округінде жабынды астына егілген 13 гектар бақша, көкөніс дақылдары күтімге алынды.
Биыл аудандағы тағы бір жаңалық – елді мекен тұрғындарының азық-түлік қорын қалыптастыру үшін жалпы көлемі 1307 гектар алқапқа картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егу межеленіп отыр. Осыған байланысты аудан әкімдігі бастамасымен барлық елдімекенде тұрғындар бақша егетін алқаптарды инвесторлар дайындап берді. Қазір ауылдарда жаппай бақша егу басталды. Кейбір өнімдердің сапалы тұқымдары сырт өңірлерден әкелінді.
Әзірше ауданға көкөніс өнімдері оңтүстік өңірлерден тасымалдануда. Ертең күзде қармақшылықтар дастарханға өздері еккен өнім түрлерін қоя бастайды.
Әр ауылдың іргесіндегі бақшалықтардың аяқ сумен қамтылуы аудан әкімдігінің назарында болады. Осыған байланысты кеше аудан әкімі Мұса Қалдарбеков су тоспалары мен арналар жағдайымен танысты.
Жосалы кентінен 65 шақырым қашықтықта орналасқан «Генерал», «Тоғызқұдық - Әлтай» және «Қашқансу» көлдерінде болып, мамандармен суды егістікке пайдаланудың жолдарын талқылады. Сапар аясында «Қожантай» су тоспасының жай-күйімен танысты.
- Егістікпен қатар шабындықтардың да суарылуын назардан тыс қалдыруға болмайды. Біздің аудан үшін су мәселесі басты мәселе болғандықтан тоспалардың жағдайы мен каналдардың уақытылы тазартылуын қадағалау керек, – деді аудан басшысы.
Аудандағы егін алқаптары Қурайлы, Наурызбай, Балажарма, Оңжағалау каналдары арқылы суарылады. Биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Қурайлы арнасының 22 шақырымы тазартылған болатын. Бұл шаруашылықтардағы аяқ су мәселесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.