Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отандық медиа-қауымдастық өкілдерімен болған кешегі кездесуі барысында Елбасының «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде берген тапсырмасы бойынша құрылған Жастар бастамалары қорының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отандық медиа-қауымдастық өкілдерімен болған кешегі кездесуі барысында Елбасының «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде берген тапсырмасы бойынша құрылған Жастар бастамалары қорының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Бұл қорды құрудағы басты мақсат – жастар бастамаларын қолдау және жастар саясатын қалыптастыруға көмек көрсету. Тарқатып айтқанда, қор жастар ұйымдарының әлеуметтік маңызды жобаларын іске асыруда қолдау көрсетуді және жастардың шығармашылық деңгейін ұштай түсуді көздейді. Сондай-ақ жастар үшін әлеуметтік әсері бар еліміздің әл-ауқатын көтеруге бағытталған жастар кәсіпкерлігін арттыруды мақсат тұтады. Бұдан басқа, қор жастардың ғылыми жұмыстары мен жас ғалымдарды қолдау, жастармен жұмыс жасайтын мамандарды даярлау және қайта даярлау қызметтерін іске асыруға қолұшын созатын болады. Және де білім-ғылыммен қатар спорт, мәдениет, экология және өнер саласындағы жастарды дамытуға бағытталған инновациялық жобаларды ынталандыруға бастамашы топтар мен жастар ұйымдарын гранттық қолдау мәселелерімен айналысады деп күтілуде.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасы Ғабидолла Әбдірахымовтың сөзіне қарағанда, бұл кеңестің құрылғанына биыл бес жыл толып отыр екен. Аталған кеңес 2008 жылы Президент Жарлығымен құрылыпты. Ал корпоративтік басқару қордың ашықтығын қамтамасыз ететін болады. Қордың қамқоршылық кеңесінің құрамы кейін қосымша хабарланатыны айтылды. «Дипломмен – ауылға!», Жастар практикасы, «Жасыл ел» сияқты мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Өңірлерде кездесулер өткізіліп, жастардың мәселелері бойынша біраз ұсыныстар енгізілді.
Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасы осы ретте Астанада Президент тапсырмасымен жаңа Жастар сарайының құрылысы басталғандығын тілге тиек кетті. Онда қордың штаб-пәтері ғана емес, сонымен қатар, көптеген жастар ұйымдарының жайлары да орналасады екен.
Басқосу барысында «KINOPARK» кинотеатрлар желісімен әріптестік туралы меморандумға ресми қол қою рәсімі өтті. Мұндай игі шара «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігімен (мемлекеттік тілде – «Жайдарман» КТК лигасы) әріптестік туралы меморандумға ресми қол қоюмен жалғасын тапты. Кинопрокатпен айналысатын ұйыммен меморандумға отыру Қазақстанның көптеген қалаларында әлеуметтік маңызы бар роликтерді айналдырумен байланысты. Ал «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігімен қол қойылған меморандум «Жайдарман» КТК лигасы арқылы Қазақстанның тарихы мен мемлекеттік тілді елге кеңінен насихаттауға мүмкіндік туғызады деп күтілуде.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.