• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 05 Мамыр, 2020

Ұлы ғұламаның шынайы өмірбаяны

4696 рет
көрсетілді

Биыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз­дың 1150 жылдық тойы. Ұлы ойшылдың мерейлі датасын мемлекеттік деңгей­де тойлау – «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сына сәйкес болашақ жастардың пат­риоттық сезімін оятып, елін сүюге тәр­биелеу үшін жасалып жатқан маңызды шара деп білеміз. Десек те, ескерілмей отыр­ған нәрселерді атап кеткеніміз дұрыс. Солардың ең бастысы, әл-Фараби баба­мыздың өмірбаяны әлі күнге дейін дұрыс жазылмай келеді. Әсіресе өмір дере­гіне қатысты Отырар қаласы мен Ұлы Отырар кітапханасының маңызы айтыл­май, кеңес өкіметі кезінде еуроцентристік бағытта бұрмаланып жазылған деректер әлі күнге қайталанып жүр.

Сондықтан заманында түркі ғылымы мен мәдениетінің өте жоғары болғанын, кемеңгер ғұламаның осындай терең білімді араб елдерінде емес, өз елімізде – Отырарда алғанын баса көрсету маңызды деп ойлаймыз.

 Осы жерде ғұлама ғалымның мына сөзі түсінген адамға нақты бағдар десе болады: Бір кісі Әбу Насыр әл-Фара­биге тамаша болып толыса піскен алма­ны көрсетіп «Осы алманың бітім-бол­мы­сындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шы­рыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?», деп сауал қойыпты. Сонда әл-Фара­би: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!», деп жауап берген екен.

 Осы тамаша сипаттаудағы «Ұрық – Түрік нәсілі» десек, Әбу Насыр әл-Фараби «Білім алған бақ» – Ұлы Отырар кітапханасы. Осы бақтан өсіп шыққан ғұламалардың қазіргі біз білетіндерінің саны 33 болды, кейбір дерек 410 болған дейді, тіпті мыңнан асады деп жүргендер бар. Бағдат халифінің сарайында негізгі уәзірлер қызметін атқарған бізге аты белгісіз отырарлық кеңесшілерді, 32 діннің негізін білген Арыстан баб сияқты өз жерімізде қызмет атқарып, бірақ моңғол шап­қыншылығынан кейін ұмытыл­ғандарын ескерсек, Отырардан шыққан ғұламалардың өте көп болғанын, Орта ғасырларда Отырарда ғылымның өте жоғары деңгейде болғанын байқаймыз.

Қазіргі жастар кітаптан гөрі ғалам­торға көбірек жүгінетінін ескерсек, ондағы «Уикипедияда», «Википедияда» жазылған деректер сын көтермейді.

Әсіресе қазақша Уикипедияда жазыл­ған деректерді түсіну мүмкін емес. Онда «12-16 жасында білім іздеп Бағдат­қа кетті» деген еуроцентристік бағыт­тағы жал­ған дерек те, өзбек ғалымдары жазған «Орта Азияның Таш, Бұхара, Самарқанд қала­ларында оқып, Бағдатқа халиф Мұхта­дирдің тұсында келді» деген және басқа деректер араластырылып, түсініксіз баяндалған.

Ал орысша Википедияда «Отырар кітап­ханасын әл-Фараби жинақтады» деген сияқты күлкілі мәлімет беріліпті. Он­дағы ойлары Отырарға білім арабтардан келді дегенді көрсеткісі келетін сияқты.

Осындай өрескелдіктерді ескере келіп, қазіргі белгілі мәліметтерге сүйене отырып, Отырардан шыққан ұлы ғұлама бабамыздың өмірбаянын жаздық.

Фарабитанудың негізін қалаған ғалым Ақжан Машанов ағамыз да өзінің «Әл-Фа­раби және Абай» атты еңбегінде «...әл-Фарабидің ғылыми өмірбаяны әлі жазыл­­ған жоқ» деп көрсетеді. «Әл-Фара­би­дің өмірбаяны барлық мәдениетті ел­дер­дің энциклопедиясында бар. Ол қазақ­ша энциклопедияға да енді. Біз сол өмір­баянды қаз қалпында көшіруді пайда­сыз көрдік. Сонымен қатар ол кісінің кейінгі кезде мирастары зерттелумен қатар бұрынғы түсініктердің ескіргені бар, көп жаңалық бар, көп түзету қажет», деп жазады.

Ақжан ағамыз бұл сөздерді өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдары жария­лады. Одан бері біздің тарихымызға қатысты қаншама жаңалық ашылды. Ертеде түріктердің өркениеті өте жоға­ры болғаны, тек еуропалықтар ғана емес, еуропалықтарға ғылымды үйрет­ті деп жүрген арабтардан да түрік өрке­ниеті әлдеқайда жоғары болғаны қазір мойындалған шындық.

 Ал біз әлі күнге пайдаланып жүр­ген әл-Фараби бабамыздың өмірбаяны «түрік­тер өркениетте артта болды» деген еуроцентристік көзқараспен әдейі бұрмаланып жазылған жалған өмірбаян.

Сондықтан ұлы ғұламаның мына біз ұсынған өмірбаяны ғалымдардың тал­қы­лауына ұсынылып, ғаламтордағы дерек­тер түзетілсе деген ұсынысымыз бар.

Әбу Насыр әл-Фарабиді кім деп білеміз?

1) Ол – араб және Еуропа ғалымдары мойындаған музыканың атасы.

2) Ол – араб ғалымдары мойындаған Шығыс философиясының атасы.

3) Ол – алғаш рет ғылымды жіктеген энциклопедист ғалым.

4) Ол – замандас Бағдат медиктері мойындаған ұстаз әрі қазір медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мойындаған ұстаз.

5) Ол – математика саласында көпте­ген жаңалық ашқан, астрономия, физика, химия, минералогия салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған құнды еңбектер жазған ғалым.

6) Ол – поэзия туралы еңбек жазған ақын.

7) Әбу Насыр бабамыздың Отырарда, Орталық Азияда жүргенде жазған еңбектері сақт­алмаған. «Әт-Тағлим әс-Сани» атты ең­бегі де бізге жетпеген. Қазір араб ел­дерін­де жүргенде 164 трактат жазғаны белгілі.

8) Әбу Насыр әл-Фарабиді кейбір ғалымдар Бірінші ұстаз деп атайды.

Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама араб елдерінде көне грек ғалымдарының ой­ларын тереңірек түсіну үшін грек ғалым­дарынан грек тілінің логикасы мен грамматикасын үйренгенінен басқа барлық білімді Отырарда, Орталық Азияда алған.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны

Қолда бар деректер бойынша ұлы ғұлама 850 жылы Отырар өлкесіндегі Оқсыз шаһарында дүниеге келген. Әкесі Мұхаммед әскер қолбасшысы болатын. Атасының аты Тархан, бабасы Ұзлақ түрік текті әулеттен еді. Оған азан шақы­рып Мұхаммед деп ат қойды.

Мұхаммед жас кезінен зерек, алғыр, білімқұмар, дарынды бала болып өсті. Сонымен қатар түріктердің «әрбір ер­азамат – жауынгер» деген өмір салты бо­йынша әрі әкесі Мұхаммедтің тәрбиесімен әскери өнерге де жаттықты. «Ер қаруы – бес қаруды» жақсы меңгерді, атқан оғын нысанаға дәл тигізетін.

Оқсыз қаласына жақын, дарияның қарсы бетінде жатқан Отырар қаласы ол кезде ғылым-білімі, өркениеті жоғары дамыған, әлемге әйгілі кітапханасы дүниенің түкпір-түкпірінен ғұлама, даналар жиналатын орталық болатын. Ұлы Жібек жолы бойымен әрі-бері өтіп жатқан сауда керуендерінің арқа­сында қаланың табысы артып, халқы­ның тұрмысы бақуатты болатын. Қала­да қаншама керуен сарайлар, базар­лар, қолөнер шеберханаларымен қатар, оқу орындары да жоғары білімді ұстаз­дарымен аты шыққан ғылым ордасы еді. Отырар оқу орындарынан білім алғандар көптеген елдің орталық­тарында қызмет етті. Сондай отырарлық мамандар Бағдат халифінің сарайында да үлкен қызметтер (уәзірлік) атқаратын.

Осы Отырардың оқу орнын тауысқан дарынды жас Мұхаммедті қадилік қыз­метке тағайындайды.

«Әбу Насырдың қадилік билігінің әділдігі сонша, кесіміне мойынсұн­бай­тын кісі болған емес. Ол нені айтса да анық, дәл білетін қырынан көрінеді. ...Ол Алла тағаланың рақымы түскір кеме­ліне келген пәлсапашы, мейірімді имам, мұсылман құқығының нағыз біл­гірі ретінде танылды». Бірде «Жақын туыстарының бірі Фарабиге сақтай тұру үшін көп кітап қалдырып кетеді, соның ішінде Аристотельдің де трактаттары бар екен. Фараби қолы бос кезін­де әлгі кітаптарды оқи келе оған бері­ліп кеткені сондай, өзінің қадилік қыз­метін тастайды. Осы бір кездейсоқ оқи­ға оның тағдырына шешуші әсер етті, со­ның нәтижесінде ол ұлы ғалым атанды (Пар­сы ғылымы Деххуда «Ғибрат-нама»).

Білімқұмар Мұхаммедтің ендігі өмірі Отырардың ұлы кітапханасында жал­ғасты. Осында көптеген ғұламамен таны­сып, білімін дамыта берді.

Жан-жақтан осы кітапханаға жиналатын ғұламалардың арқасында көптеген тілді үйренді. Осында түрлі ғылым ұстаз­дарынан дәріс алып, ғылымның әртүрлі саласын меңгерді. Ол кезде Отырарда философия, астрономия, математика, жаратылыстану, музыка, медицина және т.б. ғылымдар өте жоғары деңгейде дамыған болатын.

Әл-Фараби бала кезінен-ақ музы­калық аспаптарда ойнап, өлең айтатын. Отырар тұрғындарының (қаңлылардың) музыкалық қабілеті ертеректен әлемге әйгілі еді. Отырар кітапханасында музыка саласында түркі тілінде терең жазыл­ған еңбектер болатын. Бала Мұхам­мед­­­тің музыкаға деген құмарлығы оны осы кітапханадағы музыка жайлы те­рең жазылған кітаптарды толық оқып шы­ғуға итермеледі. Ол музыканың теория­лық жағын терең игерді және ол білі­мін іс жүзінде пайдаланып, ән салып, му­зы­ка­лық аспаптарда шебер ойнауды үйренді.

Жас дарын сол сияқты жаратылыстану ғылымдары саласын да терең оқып игерді. Медицина, математика, астрономия, физика салаларында да оқып, үйреніп, білімділігімен көзге түсті.

Ол арабшаға аударылған Аристо­тельдің «Метафизикасымен» танысып, оған түсіндірме жазды. Осы сияқты трактаттары ғалымдардың жақсы бағасын алып, аты кеңге таныла бастады.

Осы кезде жарты әлемді билеген араб халифатының әр жерінде бүліктер шығып «қарматтар», «ізгілікті бауырлар» және т.б. ұйымдар құрылып, ислам бірлігіне қауіп төндіре бастайды. Осын­дай қозғалыстар Саманилер билеген Ор­та­лық Азияда да орын ала бастаса керек.

«Ол кезде Орталық Азия мен Қазақ­станда Самани нәсілдері билеген. Бұхара әмірі Нұх Самани әл-Фарабиді шақыртып алып жалпы ғылымдардың негіздері жөнінде кітап жазып бер деп өтінеді. Оның себебі сол кезде шын ғылым мен жалған ғылымдар арасын айыру қиын болып, елді алдаушы азғырушылар, жал­ған әулие сәуегейлер, өтірік балгер, жұл­дыз­шылар, алхимиктер көбейіп кеткен-ді. Әл-Фараби сонда «Екінші оқулық» («Тағлим әл-Сани») атты еңбек жазып, Нұх­қа сыйлайды. Әл-Фарабидің сол кіта­бы талай ғалымдардың көзін ашса керек.

Осы кітап біздің қолымызға әлі түскен жоқ. Оның дүниеде бар-жоғы да белгісіз», деп өкінішпен жазады А.Машанов ағамыз.

2009 жылы шыққан «Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттар» кітабында мынадай дерек келтіріпті. «Түрік тіліндегі жұмыстарында ...А.Аб­нан ХV ғ. Мулла Лутфидің «Кашф әз-Зунун» кітабына сүйеніп, Фара­би өз ота­ны – Түркістанда жүргенде Сема­нид Мансур ибн Нұхтың өтінішімен «Әт-Тағлим әс-Сани» (екінші тәлім) еңбегін жазғанын айтады. Фарабидің Арис­тотельден кейінгі «Мұғалли әс-Сәни», яғни (екінші ұстаз) атануы дәл осы жағдаймен байланыстырылады. «Әт-Тағлим әс-Сани» кітабы Исфаһанның «Сиуан әл-Хикма» кітапханасында сақталған. Ибн Сина философия мәсе­лелерін осы кітаптан оқыған. Осындай мә­ліметтер ертеректегі түрік (ХII ғ). Ташкупри заде Ахмед Афандидің жұмысында да кездеседі».

Фарабитанушы Әнел Әзімхан: «Ибн Синаның «Арылу кітабы» (Кни­га исцеления) («Китаб аль-Шифа») әл-Фарабидің осы «Екінші ілім» деген энци­кло­педия­лық еңбегінің қысқартылып, өңделген нұсқасы», дейді.

«Әл-Фараби мұсылман ойшылы. Демек, оның ұстазы да осы жолда болуы түсінікті.

Мұсылман әлемінде теңдесі жоқ қа­сиет­ті кітап бар, ол – Пайғамбарға Алла таға­­ладан түскен Құран Кәрім. Ендігі жерде бұл кітап мұсылмандар және өзгелер ара­сында насихатталуы парыз. На­си­хатшы – пайғамбар, демек ол – ұстаз. Мұсылмандар үшін бірінші ұстаз – Пайғамбар.

Құранды ғылыми түсінікке салып, на­си­­­хат­­таушы, сол мақсатта сапалы ойлау тә­сі­лін жасаушы (пәлсапа) – әл-Фараби, де­мек ол мұсылман әлеміндегі Екінші ұстаз.

Сонымен сөзді жинақтай айтқанда, әл-Фараби ғұлама, данышпан, ойшыл, хакім, ғалым, бірақ философ емес және де оның бірінші ұстазы Арис­тотель де емес, Құран түскен Мұхаммед пайғамбар», деп жазады академик Ғарифолла Есім.

Немістің атақты шығыстанушы ғалымы Ф.Детриций сынды зерттеуші­сі: «Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды» дейді.

Әл-Фараби бабамыз Отырарда жүргенде үйленіп, отбасылы болған. Бір ұлының аты – Насыр болғанын білеміз. Содан бастап Әбу Насыр атанады.

Бұл кезде Отырар ғұламаларының атағы кеңге тарап, Отырар – Фарабтан шыққан ғалымдар араб халифатының түкпір-түкпірінде қызмет атқаратын. Сондай Отырардан шыққан ғұламалар­дың біразы Бағдат халифінде уәзірлік қызметтер атқаратын. Сол уәзірлер арқы­лы «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр ғұламаның атағы Бағдат халифі­не де жеткен сияқты. Ислам әлеміне атағы кең тараған «Екінші ұстазды» Бағ­датқа шақыртқан. Ислам әлемінің әкім­шілік әрі рухани орталығы Бағдат бұл кезде халифаттың түкпір-түкпірінен ғалымдарды жинаған ғылым ордасы болатын.

«Оның халық арасында үлкен беделі бар екендігін білген араб патшасы кеңес­ші етіп алғысы келеді. Содан ол әл-Фара­биге сыйлық ретінде теріге ораған алтын жіберіп, өзінің халифатына шақырады. Патша да қара жаяу емес, ақылды, өмірге деген көзқарасы терең адам екен. Оның «әл-Фарабимен сөйлесіп, ақылдасып отырсам» деген ойы болыпты», деп жазады академик Жабайхан Әбділдин.

Осылайша әл-Фараби бабамыз ислам әлемінің орталығы әрі халифаттағы ең үлкен ғылым ордасы орналасқан Бағдатқа аттаныпты.

 М.Хайруллаев бастаған өзбек ғалым­­дары «Фарабидің саяхатқа шығып, Бағ­дат­­­қа келген уақыты белгісіз. Кейбір де­рек­­т­ерде ол Бағдатқа Халиф әл-Мұхта­­дир­­­дің тұсында (908-932 жылдар аралы­ғы) келгені туралы айтылады», деп жазады.

 Осы сапары кезінде әл-Фараби бабамыз Соғд қаласында самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адаммен танысып, ол жасаған шаһруд аспабында ойнауды игереді. Ол туралы былай дейді: «...араб империясында кеңінен таралған аспап – «шаһруд». Ол біздің заманымызда жасалып, бұрын танымал болмаған. Мұны бірінші болып тауып жасаған самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адам болған. Ол бұл аспапты хижра жылымен 306 жылы (918-919 ж.ж.) тау бөктеріндегі әл-Мах елінде жасаған. Кейін ол оны Соғд қаласына алып келеді.

Соғд қаласының шығысы мен батысында орналасқан ел тұрғындарының ешқайсысына «шаһруд» аспабы жат болмай, Месопотамияға дейін жетеді».

...Фарабидің Бағдатқа келген уақыты шамамен 920 жылдарға сәйкес келеді. Бағ­дат халифі Жафар әл-Мұхтадир шық­қан тегі түрік, данышпан ойшыл Әбу Насыр Мұхаммедті «өзінің досы» деп атады.

Замандастарының қалдырған дерегі бойынша: «Әл-Фарабидің бойы орташадан төмен, ылғи да түркі киім киіп жү­реді екен. Ол мықты, күшті және ержү­рек болған. Жебені жақсы тарт­қан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін», деседі.

Бағдатқа келген алғашқы кезде әл-Фараби өзін ақын, әнші-күйші, музыкант ретінде танытқан.

Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. Оның музыкалық мектебі бүкіл араб еліне әйгілі болды».

Әл-Фарабидің музыкалық қабілеті туралы арабтар неше түрлі аңыз таратады. Бір аңыз бойынша «әл-Фараби бір күйді орындаса арабтарды жылатып, екінші күйді орындағанда арабтарды күлдіреді екен дейді. Былайша айтқанда, музыкасымен адамдардың көңіл күйін жаулап алады», дейді.

Бір мәліметтер әл-Фарабидің 70 тіл білгендігін айтады. Ұлы ғұлама өте сирек қолданылатын, кейде тіпті құпия­лық үшін қолданатын тілдерді де өте жақсы білген. Араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жа­зып қалдырған. Ұлы ғұламаның жазып қал­дырған еңбектерін Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Абу Райхан Бируни, Әбу әл-Уаха, ибн Бадж, ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хайам сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер, Бекон, Леонардо да Винчи және т.б. Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.

Немістің белгілі тарихшы ғалымы Ф.Даннеман өзінің «Табиғаттану тарихы» атты еңбегінде Еуропаға кең тараған астрономия-астрология ғылымы, алхимия салалары тікелей әл-Фарабиден алынғаны жайлы жазған.

«...Ыстанбұл университетінің профес­соры Ахмед Аташтың тізімінде әл-Фа­ра­бидің математикалық еңбегі Уп­са­ла университетінің кітапханасында сақ­таулы деген мәлімет бар болатын. ...Біз дереу Упсалаға хат жазып, сыйлық жібе­ріп, өзіміздің қолданып келген әдісімізді істедік. Бірнеше айдан соң микрофильм келіп те қалды, ол тез арада кітап та болып шықты.

Математика ғылымының тарихында бұл бір үлкен жаңалық болды. Бұрын басқа адамдардікі деп жүрген көп теоремалар, қағидалар әл-Фарабидікі болып шықты», дейді А.Машани.

Әл-Фарабидің ашқан кейбір жаңа­лығы Еуропа ғылымына XVII ғасыр­да ғана мәлім болған. Және ең негізгісі ұлы ғұлама бұл еңбектерінің барлығын тек араб тілінде жазған. Себебі араб халифаты бұл кезде Азия, Африка, Еуропаның өте көп жерін алып жатқан. Араб тілі көп қолданылатын тіл болатын.

 

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ

 

(Жалғасы бар)