Есте болса, шаһарда кеміргіштермен күрестің көктемгі маусымы сәуірдің 24-і басталған болатын. Мамыр айының соңына дейін қаланың барлық 8 ауданын түгелдей қамту көзделіп отыр. Тазалау жұмыстары ашық алаңдарда, саябақтарда, тұрғын үй кешендері мен жер үйлерде, сондай-ақ, өзен жағасы секілді 47 мың гектардан аса аумақта жүргізіледі.
Биылғы жұмысты мамандар Наурызбай мен Бостандық ауданынан бастады. Ең алдымен індерді анықтап, қақпан орнату бойынша дайындық жұмыстары жүргізілген. Дератизациялық шаруаға 64 маманнан тұратын 10 топ және оншақты техника жұмылдырылыпты.
– Медеу ауданында 23 мың жеке үй мен 8 мың ашық алаң бар. Сол жерлерді тазалау кезінде былтыр қызыл түсті улы дәріні пайдаланғанбыз. Кеміргіштерге қарсы әрдайым бір уландырғышты пайдалана берсе, олар үйреніп қалады. Ал, биыл арпаға арнайы ваниль дәмі мен хош иістендіргіштер қосылған, сапасы жоғары және тиімді дәріні қолданп жатырмыз, – дейді «Нұртаңсық» ЖШС басшысы Игорь Лобовиков.
Алдағы уақытта 5 ауданда жүргізілетін тазалау жұмыстарына 2 күннен 6 күнге дейін уақыт бөлінген. Тек жұмыс нәтижиелі болуы үшін әрбір тұрғын улы затты дұрыс пайдалануы қажет. Сондай-ақ, кеміргіштерді жою түрлі ауру таралуының алдын алады. Төтенше жағдайға байланысты бұл науқан биыл 3500-ге жуық сауда және өндірістік нысан мен 500-ден астам білім беру және денсаулық сақтау нысанын да қамтымақ.